Сәтбаев қаласындағы ойын алаңдары балалар үшін қауіпті болып тұр

Сәтбаев қаласындағы ойын алаңдары балалар үшін қауіпті болып тұр
Фото: Алматы тв

Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласында тозығы жеткен ойын алаңдары ата-аналарды алаңдатып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Сандуғаш Баймұханова үйінің алдындағы ойын алаңына балаларын ертіп келеді. Бірақ көпбалалы ана "олардың қауіпсіздігіне алаңдағандықтан, жанынан бір елі қалмаймын" дейді ана. Өйткені мұндағы кішкентайларға арналған алаңның ішінде ойнауға келетін бірде бір сау жабдық жоқ. Жағдайы сын көтермейтін жерде сырғанақ қирап, әткеншектердің шынжыры да қалмаған.

– Көшіп келгелі ойын алаңдары жаңартылмады. Балалар ойнап жүріп, құласа басын жарады. Жеті балам бар. Немерелерім де келіп ойнайды, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Сандуғаш Баймұханова.

Түсірілім барысында өңірдегі өзге де балалар алаңдарының жайын бақылап көрдік. Есік алдына жиналған көршілердің айтатын әңгімесі бір. Олар "балаларымызға заманауи әрі қауіпсіз алаң жасалса" дейді. Өйткені тозығы жеткен жабдықтардан жарақат алғандары да аз емес көрінеді.

– Қаланың сырты емес, орталықта тұрамыз. Бала кезімізде осында ойнағанбыз. Еш өзгерген жоқ. Құмның орнына газон төсесе, заман өзгеріп жатыр, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Гүлзат Боканова.

– Алтыбақаннан немерем құлап, ауруханаға түстік. Кешке қараңғы. Ішімдікке сылқия тойғандар жиналады, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Гүлизат Махамбетова.

Сәтбаев қалалық әкімдігі де аталған мәселені жоққа шығармады. Олар алаңдардың көпшілігін жөндеу керек екенін айтты.

– Конкурстық рәсімдердің нәтижесі бойынша мердігер ұйым анықталды. Барлық шағынаудан бойынша талдау жасалады, жаңа элементтер орнатылып, жөндеу жүргізіледі, – деді Сәтбаев қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы Анель Айдарбекова.

Айта кетейік, былтыр Сәтбаевта 20 ойын алаңы қолданысқа берілсе, биыл жыл соңына дейін 25 аумақта жаңа алаң пайда болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина