Президент әкімшілігінің басшысы Маңғыстау облысының жаңа әкімін таныстырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай Маңғыстау облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысу үшін Ақтау қаласына жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Айбек Дәдебай депутаттарға Маңғыстау облысының әкімі лауазымына Нұрдәулет Игілікұлы Қилыбай мен Ұлықбек Серікұлы Тналиевтің кандидатурасын ұсыну туралы Президенттің хатын оқып берді. Ашық дауыс беру нәтижесінде 96 депутат Нұрдәулет Қилыбайдың, 17 депутат Ұлықбек Тналиевтің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Жиналысқа барлығы 113 депутат қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Президент Жарлығымен Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Айбек Дәдебай өңір активіне жаңа әкімді таныстырып, Нұрдәулет Қилыбай осы аймақтың тумасы және облыста түрлі басшылық қызметтерді атқарған тәжірибелі маман екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент жүктеген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау қажет екеніне назар аударды.

"Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өңірге 3,6 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен экономикалық өсім. Алдағы уақытта аталған көрсеткішті еселей түсуіміз керек. Бүгінде облыста Президенттің тапсырмасына сай ондаған жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 22 мың оқушыға арналған 21 мектептің құрылысы басталып кетті. Бұл – халық саны жағынан өсімі жақсы Маңғыстау облысы үшін аса қажетті шаралар. Өңір басшылығына Президент тарапынан маңызды міндеттер жүктеліп отыр", – деді Президент Әкімшілігінің Басшысы.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, Маңғыстау облысының әкімдігіне инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, көлік-логистика және туристік әлеуетті барынша дамыту, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық мәселелерді шешу, құрылыс саласын ретке келтіру міндеттері жүктеледі.

Кездесу соңында Айбек Дәдебай Нұрдәулет Қилыбайға облыс тұрғындарының игілігі үшін Президент жүктеген барлық міндетті орындау жолында табыс тілеп, аймақтың бұрынғы басшысы Нұрлан Ноғаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!