Ақмола облысында 32 жастағы келіншек халықты WhatsApp арқылы алдап, ақшасын қағып алған

Ақмола облысында жұрттан миллиондап ақша алып, алдап кеткен 32 жастағы әйел ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.

Ол Қосшы қаласының 60-тан аса тұрғынына арзан бағаға Қытайдан жиһаз бен тұрмыстық техника әкеліп беруге уәде берген.

Күдікті бар жұмысын Астанада отырып-ақ тындырған. Елорда маңындағы Қосшы қаласынан таныстарын тауып, тіпті олардың таныстарын біріктіріп WhatsApp чатын топ құрып, Қытайда жасалатын жиһаздарды ғана емес, тұрмыстық техника, киім-кешектерді де жарнамалапты. Жұрттың сеніміне кіріп қызықтырып, ақшасын төлесе, арзан бағаға әкеліп беремін деп уәде берген.

Тұрғындар тауардың толық құнын әйелдің есепшотына аударған. Бірақ уақыт өте келе бірде-бірі тапсырысын сол күйі ала алмапты. Тіпті талай адамды сан соқтырған күдікті телефонға жауап беруді қойған. Содан кейін алданған халық полицияға арыз жазып, күдікті қамауға алынды. 

"Күдікті 63 адамнан ақша алғанын мойындады. Алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Әзірге нақты соманы атай алмаймыз. Астаналық әйелге қатысты алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр",- деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!