Қазақстанда қанша әйел адам өлтіргені үшін сотталған? Статистика

Қазақстанда қанша әйел адам өлтіргені үшін сотталған? Статистика
Фото: Көрнекі сурет gov.kz

Қазақстанда жыл сайын бірнеше мың қылмыскер сотталады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша қанша адам істі болған? Темір торға тоғытылғандар арасында әйел мен ер адам үлесі қандай? 2023 және 2024 жылғы статистика қалай өзгерді? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Құқықтық статистиканың 2024 жылғы наурыздағы мәліметі бойынша, қылмыс жасап, сотталғандардың жалпы саны - 7020 адам. Олардың ішінде әйелдер саны - 809. 99-бап бойынша айыпталған әйелдер саны - 7.

  • Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру бабы бойынша 1 әйел;
  • Өзін қорғап жатқан кезде адам өлтіргені үшін 2 әйел;
  • Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру бабы бойынша 2 әйел;
  • Абайсызда қазаға ұшырату бабы бойынша 1 әйел;
  • Қорлау бабы бойынша 37 әйел істі болған. 

99-бап бойынша айыпталған ер адамдар саны - 112. Бұл осы бап бойынша сотталған әйелдер санынан 16 есе көп. 

Құқықтық статистиканың 2023 жылғы наурыздағы мәліметі бойынша, қылмыс жасап, сотталғандардың жалпы саны - 7522 адам. Олардың ішінде әйелдер саны - 843. 99-бап бойынша айыпталған әйелдер саны - 10.

  • Өзін қорғап жатқан кезде адам өлтіргені үшін 2 әйел;
  • Абайсызда қазаға ұшырату бабы бойынша 1 әйел;
  • Қорлау бабы бойынша 30 әйел істі болған. 

99-бап бойынша айыпталған ер адамдар саны - 124. Бұл осы бап бойынша сотталған әйелдер санынан 12 есе көп. 

Еске салайық, бұған дейін колонияда күйеулерін өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан әйелдер Massaget.kz тілшісіне сұхбат берген еді. 

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде 2 мыңға жуық әйел жазасын өтеп жатыр, мұнда 3 жасқа дейінгі балалары бар аналардың саны 40-қа жуықтайды.

"Екеуміз үйге жеткенше қырғи қабақ болдық. Үйде де ұрыстық. Бірінші болып қолына пышақ алды да мені жарақаттады. Кейінгісі есімде жоқ. Қолымды сілтеп жібергенде өлтіріп алғанмын. Нақты қалай болғаны, не болғаны есімде жоқ. Көз алдымда жерде қанжоса болып жатқаны ғана. Ағасына "көмектес, жедел жәрдем шақыр, ол әлі тірі" деп айқайладым. Маған қарап тұрғандай көрінді", - деп еске алды кейіпкерлердің бірі.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек