Құран өртеу жиіледі: оған дінде қандай үкім бар?

Әлемде Құран өртелуіне қатысты түрлі оқиғалар болып жатыр. Massaget.kz тілшісі ҚМДБ өкілінен Құран өртеу әрекеті дінде қалай айыпталатынын сұрады.

Желіде мұндай видео өте көп. Мәселен, Салван Момик есімді адам Швецияда Құран кітабын теуіп, қорлағаны туралы хабар тараған еді. Бұл видео Тurknws Instagram парақшасында пайда болды. Онда Салван Момиктің Швеция астанасы Стокгольмде Құранды теуіп, лақтырып жатқаны көрінеді. Ал оның жанында күзет тұр. 

Оған дейін Швеция астанасы Стокгольмде Ирактан келген босқын жігіт Құранды өртеген еді. Ал 37 жастағы Салван Момик бірнеше апта бұрын құқық қорғау органдарына арыз жазып, рұқсат алғаны белгілі болды. 

Ол бір топ тәртіп сақшысының және жолай өтіп бара жатқан 200-ге жуық адамның көзінше мұсылмандардың қасиетті кітабының бір данасын өртеп жіберген.

Желіде тараған тағы бір видеода әйел Құран өртеп жатқаны айтылады. 

  • Қазақстанның ұстанымы қандай?

Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елде Құран өртелуіне қатысты сан мәрте пікір білдірді. Тоқаевтың пікірінше, бұл - әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет.

"Президенттің пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек", - деп жазылған еді бұған дейін Ақорда хабарламасында.

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде де Құран өртеуге қатысты ойын айтты.

"Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс", - деді ол.

  • ҚМДБ қандай пікірде?

ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы Құран өртеу оқиғаларына қатысты пікір білдірді.

"Ислам әлемінің 200-ден аса ғұламалары Швецияда қасиетті кітабымыз Құран Кәрімді өртеу оқиғасына қатысты дүниежүзі халқына үндеу жолдады. Расында, кім Құранды құрметтесе Аллаға құрмет көрсеткен болып саналады. Ал Құранды кемсіткен адамның әрекеті Алланы кемсіткенмен тең. Демек, Құранды қорлаған адамды Құдайдың өзі қорлайды. Шын мәнінде, Құранды сақтаушы да, қорғаушы да бір Алла. Бұл туралы қасиетті кітабымызда былай баяндалған: "Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз" ("Хижр" сүресі, 9-аят)", - деді ол.

Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, Құранды өртеу - шектен шығудың ең үлкені.

"Ол өзінің сорақы әрекетімен бүкіл әлемге бүлік салып отыр. Құранды қорлаған, оны өртеген адамды Алланың әділ үкіміне тапсырамыз. Менің ойымша, ол осы өрескел әрекетімен өзінің адамға тән болмысын қорлады. Масқара ісімен өзі масқара болды! Жұма күндері еліміз бойынша мешіттерде "Құранға құрмет" тақырыбында жұма уағызы айтылып келеді. Расында, Құранға құрмет көрсеткен қоғам бақытты! Өйткені Құран - екі дүние бақытына жетелейтін кітап. Алла Тағала баршамызға Құранды қос өміріміздің рухани шамшырағымызға айналдырғай. Әмин!" - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін ескірген Құранды не істеу керек екені айтылды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз