Елімізде 2 саяси партия тіркеле алмады

Қазақстанда "Халық дербестігі" және "Алға, Қазақстан" атты саяси партияларын тіркеуге рұқсат берілмеді. Бұл туралы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 7 саяси партия тіркелген.

"Қазір Әділет министрлігінің қарауында саяси партиялардан түскен қандай да бір өтініш жоқ. Жыл басынан бері министрлікке саяси партияны құру туралы 3 хабарлама түсті. Оның барлығы қаралды. Бір хабарлама бойынша яғни YNTYMAQ партиясының хабарламасы қолдау тапты. Қалған 2 хабарлама бойынша рұқсат берілмеді", - деді Ботагөз Жақселекова Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Министрдің орынбасары жаңа саяси партиялардың неге тіркелмегенін түсіндірді.

"Өйткені, олардың құжаттары дұрыс болмады. Біз партия бойынша тізімнің сәйкес келмеуіне байланысты "Халық дербестігі", "Алға, Қазақстан" партияларын тіркеуден бас тарттық", - деді вице-министр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!