Мұғалімдер тапсыратын аттестация неге мың құбылды? Вице-министр түсіндірді

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева елімізде барлық ұстаз неге аттестациядан өтетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналист вице-министрге "Мұғалімдер тапсыратын аттестацияның мың құбылып, өзгеріп жатқаны туралы айтылып жатыр. Педагог-зерттеушілер өз санатында қалса, тест тапсырмайтыны айтылған. Кейін оның бәрін алып тастап, олар қайтадан тест тапсыратын болды. Аттестацияда неге нақтылық жоқ? Ол қашан бір жүйеге қойылады?" деп сұрақ қойды.

Наталья Жұмаділдаева жұмыс тобы құрылғанын, барлық мәселе талқыға салынғанын жеткізді.

"Педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына 60-тан аса адам енді: педагогтар, білім беру саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Жұмыс тобында 44 рет кездесу өткізілді. Онда әртүрлі мәселе қарастырылып, әртүрлі зерттеу мысалға келтірілді. Осыған байланысты көптеген норма қабылданды. Мұндай шешім біздің педагогикалық қауымдастықпен бірге қабылданды", - деді министрдің орынбасары.

Ол жұмыс тобында барлық мұғалім аттестациядан өтеді деп шешім қабылданғанын айтты.

"Енді мұғалімдердің тілегіне тоқталайын. Мұнда олардың тілегі, жаңа ережеге қатысты көзқарасы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен сәйкес келмеді. Жұмыс тобында олар (үкіметтік емес ұйымдар өкілдері) аргументтер келтіріп, тест тапсырып, тағы бір толық аттестациядан өткізудің қажеті барын дәлелдеді", - деді Наталья Жұмаділдаева.

Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасы аясында педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы бойынша жаңа тәсіл әзірлеген. Оған сәйкес, ұстаздардың білімі тексеріледі.

"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мұғалімдеріміздің еңбек тиімділігі "Ұстаз" электронды платформасында бағаланады. Платформа толық цифрландырылып, педагог қызметінің тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда педагогтың практикалық қызметіне басымдық беріледі. Бұл – мұғалімнің сабағын талдау, оқыту әдістерін тиімді қолдана білу, сыныптардағы оқыту сапасы. Сондықтан жұмыс тобы педагогтар 2025 жылғы қаңтарға дейін өтпелі кезеңнен өтіп, пәндік білімі және оқыту әдістемесі, психология бойынша тест тапсырып, аттестациядан өтеді деп шешім қабылданды", - деді вице-министр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!