Жезқазғанда көлікпен бала қаққан әйел айыппұлмен құтылған

Жезқазғанда көлікпен бала қаққан әйел айыппұлмен құтылған
Фото: видеодан кадр

Жезқазғанда жолдың ортасында 7 жасар баланы қағып кеткен әйел айыппұлмен құтылған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, баласын қаққан адам тіпті жүргізуші куәлігінен айрылмаған. Сот баланың "денсаулығына жеңіл зиян" келген деп шешкен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Шамамен бір ай бұрын Нұрислам Жұмақаев досымен бірге жаяу жүргіншілер өткелінен бағдаршамның жасыл белгісі жанып тұрған кезде өткен. Осы уақытта Toyota Land Cruiser көлігі баланы қағып кеткен. Салдарынан бала жабық ми жарақатын алған, оған қоса миы шайқалған. Жәбірленушінің анасы баласы аурухана төсегіне таңылғаны үшін әділ жазаны талап етіп отыр.

"Ұлым ауруханада жатқанда, жол апатына кінәлі адам келмеді, баланың жағдайын сұрамады. Біраз уақыттан кейін оларға өзіміз шықтық. Ол күйеуімен бірге жұмысыма келіп: "саған 100 мың теңге берейін, істі жауып тастайық" деді. Мен келіспедім, ұлымның денсаулығына ауыр зиян келді. Кейін ол қорқыта бастады, "ештеңе істей алмайсың, айыппұл төлеймін, көлікті алып кетемін" деді", - дейді баланың анасы.

Әйелдің айтуынша, баланы ауруханадан алтыншы күн дегенде шығарған.

Сотта баланы қаққан әйел әйел әкімшілік бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған 147 680 теңге айыппұл салынған. Төлем жасалғаннан кейін жарлыққа сәйкес оған жүргізуші куәлігі қайтарылады.

"Сот шешімімен келіспеймін. Жеңіл жарақат көріп тұрған жоқпын. Ол бас-ми жарақатын алды, бала шошынып қалған. Тіпті түнде ұйықтай алмайды", - деді баланың анасы.

Анасының сөзінше, бұған дейін бокс үйірмесіне қатысқан және салауатты өмір салтын ұстанған Нұрислам енді спортпен айналыса алмайды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Ал жәбірленушінің анасы Дана Омарова мұндай жүргізушілер үлкен қауіп төндіретінін айтады және әйелді жүргізуші куәлігінен айыруды талап етіп отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова