"Тәңіршілдік" немесе аруақ қолдасын деп айту дұрыс па? - этнограф жауабы

Аруаққа сыйынып, одан көмек сұрауға бола ма? Этнограф Досымбек Қатыран көшпелі тұрмыс кешкен қазақ халқының наным-сеніміндегі "аруақ" ұғымын түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Соңғы уақытта сөзді сөзбе-сөз түсініп, кейбір дәстүрдегі құндылықтарға қатысты кереғар пікірлер таралып жүр. Аруаққа сыйыну деп қазақ тек тұспалдап айтқан. Әрине, адам баласының көзіне көріне бермейтін құбылыстар болады, оны тек ерекше қабілеті барлар ғана көреді. Қазақ ұғымында адам қайтыс болған соң аруақ болмаған. Аруақ - қайтқан адамның жылын берген соң оның рухын көкке жіберілген, сонда ғана бұл түсінік қалыптасады. Аруақ көпше түсінік, ал рух жеке адамға ғана бағытталып айтылатынын ескеруіміз керек. Аруақ – өткен тарих. Қазақ өмірден өткендерді құрметтеп, олар күш береді деп ежелден сенген. Хан-сұлтандар, би-батырлар, діндар, әулие-тақуалар, ақсақалдар сияқты ерекше құрмет пен беделге ие мәртебелі тұлғалардың өздері бақилық болса да, аруақтары артында қалған ұрпақтарын жебеп жүреді деген сенім болған. Енді өсіп келе жатқан жас қандай да қиыншылыққа бетпе-бет келгенде жанындағы баба рухы қолын созады деп ойлаған. Бұл бағзы заманнан келе жатқан жалпыхалықтық түсінік. Тіпті аруақ адамның тілегін Құдайға жеткізеді дейді ғалымдар. Ол үшін әр адамға өткен бабасының тарихы мен ел тарихын жақсы білуге тиіс. Алаш қайраткерлері "Тарихты жақсы білу дегеніміз өткеннің қателігін қайталамау" дейді. Қазақ ешқашан аруаққа сыйынамын деп айтпаған, отқа табынамын демеген. Тек халқымыз әр заттың қадірін білген, оның жақсылығына сенген", - деді Қатыран. 

Қазақта аруаққа байланысты қандай сөз қалған?

Аруағына сиынды (ата-баба рухына бас иді), аруақ аттады, аруақ сындырды (ата-баба рухын қорлады), аруақ сүйесін, аруақтар желеп-жебесін (жар болсын, қолдасын), аруақ қонды (ата-бабаларының біріндегі әулиелік, көріпкелдік қасиет балаларына дарыды), аруақ қолдады (жолы болды, бағы жанды) аруағы басты (мерейі үстем болды, мысы жеңді), аруағы қозды (рухтанды, шабыттанды, күшейді), аруаққа шет болды (әруаққа күмән келтірді, ата-бабасының жолынан тайды, біреудің обалына қалды), деген көптеген фразеологизм қалыптасқан. 

Қазақ жеріне Ислам дін қай жылы толық енген

Қазақ жерінде Ислам діні шамамен 9-10 ғасырда тарала бастады. Бірақ мемлекеттік дін ретінде әбден орныққан кезі - 16-17 ғасыр. Жалпыхалықтық деген ұғым бар. Мәселен, Алтын Орда заманында халықтың басшылығы дінді ұстанғанмен, халқы өз сенімінде жүрген. Онымен қоса, керейлер мен наймандарды христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдаған деп естіп жатамыз. Алайда ол тайпалардың бәрі жаппай несторияндық бағыт ұстанған жоқ. Әйгілі Лев Гумилевтің қазақ халқы ислам діні мен тәңірлік түсінікті теңдей ұстаған деген сөзі бар. Яғни – симбиоз, - деді Досымбек Қатыран. 

Ғалымның сөзінше, қазір таралып жүрген "тәңіршілдік" сөзінің теріс екенін айтады. 

"Тәңіршілдік деп ешкім айтпаған, ол бертін пайда болған сөз. Қателеспесем сол сөздің шыққанына 4-5жыл болды. Тәңірге табыну деген болған, ол өте ежелгі ұғым. Мәселен, көк  аспан – еркек, ұрғашы – жер ана. Көк аспаннан жаңбыр жауғанда жер көктеп, ағаш пен гүл өседі. Бұл – жер ана. Жалпы, бұл түсінік бүкіл адамзат баласында бар. Демек, оның тек тәңіршілміз дегендерге қатысы жоқ", - деді этнограф. 

ҚМДБ төраға орынбасары,Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы қоғамда талқыланған «аруақ қолдау» түсінігіне қатысты былай дейді:

"Аруақ қолдасын деу біз үшін дұға қылсын деген сөз. Адам тек Аллаға жалынып-жалбарынамыз. Аруақтың өзі келіп еш нәрсе жарата алмайды, жоқтан бар қылмайды. Егер тек аруақтың өзі береді десе ол түсінік – ширк болады. Аруақ адамдардан тек шапағат сұрайды. Мұның үкіміне келсек, бұл парыз емес, уәжіп емес, оның үкімі жайыз. Жайыз дегеніміз – рұқсат беру", - деді Сансызбай Құрбанұлы. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз