"Миллиардер Тимур Құлыбаевтың компаниясы жобаға қатыспасын". Мәжілісте шу шықты

"Миллиардер Тимур Құлыбаевтың компаниясы жобаға қатыспасын". Мәжілісте шу шықты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстаның Үкіметі мен Қырғызстан министрлер кабинеті арасындағы "Қарасу - Ақ-тілек" автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы талқыға салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобасы аясында қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қарасу" және "Ақ-Тілек" автожол өткізу пункттері маңында арнайы кешен салу көзделеді. Құжатты депутаттарға Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев таныстырды.

"Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары және Қазақстан мен Қырғыз Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 6-отырысының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 миллиард долларға дейін ұлғайтуға, оның ішінде елдеріміздің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласқан", - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, 2023 жылы 9 маусымда Астана қаласында кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған.

"Кешен "Қарасу" және "Ақ-Тілек" автожол өткізу пункттері жанында орналасады және өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ, көлік инфрақұрылымынан тұрады. Кешенде сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерін өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасалады. Сондай-ақ, кешенді құру Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған", - деді Қайрат Төребаев.

Вице-министр келісімге сәйкес индустриялық сауда-логистикалық кешеннің (ИСЛК) қазақстандық және қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасқанын жеткізді.

"Биыл 28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс жариялады, ол кейіннен кешенді басқарады және оның резиденттеріне сервистік қызметтер көрсетеді. 19 сәуірде конкурстың екінші кезеңі жарияланды. Алайда өтінімдер болмауына байланысты бұл конкурстер өткізілген жоқ. Биыл мамырда қайта конкурс жарияланады. Кешенді салудан басқа әлеуетті инвестордың алдына инженерлік инфрақұрылымды (газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, канализация, телекоммуникация, қоршау, абаттандыру) жүргізу бойынша жағдайлар қойылған. Кешенді салу бойынша одан әрі жұмысты жергілікті атқарушы орган инвестормен бірлесіп жүргізеді", - деді министрдің орынбасары.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбаев жобаға ескі Қазақстанның ықпалды азаматтары қатысып жатқанын жеткізді.

"Қайрат Қалмұқаметұлы (Сауда және интеграция вице-министрі), бұл мәселе комитетімізде шу шығарды. Менің сұрағымды жақсы білесіз. Басында бұл жобаның ең соңында жер Тимур Құлыбаевтың "Кипрос" компаниясына рәсімделген. Мұны мен комитеттің жиналысында айтқанмын. Бастапқы жоба бойынша 36 гектар жер "Жоин Техноложи" компаниясына рәсімделген. Ал "Жоин Техноложистің» құрылтайшысы - "Кипрос" ЖШС. Шу шыққан кейін сіздер өзгерттіңіздер. Мен оған қуанып отырмын. Бірақ та қазіргі алған құжат бойынша өзгерткен дүнией былай болып тұр: қазір 36 гектар жер "Қордай Даму" ЖШС-ға рәсімделген. "Қордай Даму" ЖШС-ның құрылтайшысы "Трейдинг Холдинг" ЖШС. Оның құрылтайшысы - "Меркури Проперити" ЖШС. Оның құрылтайшысы - "Кипрос" ЖШС, ал "Кипрстың" құрылтайшысы – Асқар Алтай Тимурович. Сіз басында "Басқаша болады. Өзгертеміз, басқа адамдар, инвесторлар келеді" деп айттыңыз. Бірақ бұрынғы инвестор сол қалпында қалған. Менің айтқаным, бос әңгіме емес. Деректер egov-тан алынды. Келісімшарт бойынша Тимур Құлыбаев бұл жобаға ақша құйса, ертең жобаға басқа инвестор келуі мүмкін бе? Тимур Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма?" - деді ол.

Вице-министр бұл мәселені комиссияда шешуге болатынын жеткізді.

"Бақытжан Жұмабекұлы, алдын ала жұмыс бірнеше компаниямен атқарылды. Сіз айтып кеткен компания осы жобанының негізі мәселелерін талқылауға, даярлауға көмек көрсетті. Енді сіз конкурстық комиссияда отырсыз. Сіз айтқан инвесторды таңдау мәселені сол конкурстық комиссияда реттеуге болады. Егер күмәніңіз болса, конкурстық комиссияда осы мәселені көтеріңіз", - деді Қайрат Төребаев.

Депутат сұрағын нақтылады.

"Демек мен конкурстық комиссияның мүшесі ретінде "Ертең Тимур Құлыбаевтың "Кипрос" компаниясы инвестор болмасын, басқа компания инвестор болсын десем, конкурстық комиссиясы сондай шешім шығара ма?" - деді Бақытжан Базарбек.

Қайрат Төребаев конкурстық комиссияда сауда және инвестиция министрлігі жоқ екенін мәлімдеді.

"Онда ашық конкурс арқылы мәслихаттың және мәжілістің депутаттары бар. Сіздің сөзіңіз жерде қалмайды. Конкурстың басқа мүшелерімен (инвестор) таңдалады деп пайымдаймын", - деді министрдің орынбасары.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Есен