Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты дау: үкім өзгерді

Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты дау бойынша үкім өзгерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық іс Жоғарғы Сотта қаралды.

2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизоны Әскери сотының үкімімен Нұрасыл Болат бұзақылық себептермен, ерлі-зайыпты О.Чернов пен А.Чернованың денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 1), 5) тармақтары бойынша сотталған болатын.

Сот үкімімен 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалған. Сондай-ақ, жәбірленушілердің пайдасына әрқайсысы 500 мың теңге моральдық шығын және өкілдің қызметіне өтемақы төлеуге кеткен 1 600 000 теңге өндірілді.

Апелляциялық саты сот үкімін өзгертіп, Нұрасыл Болаттан жәбірленушілердің пайдасына апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу үшін өкілдің қызметіне 400 000 теңге көлемінде шығын өндірілді.

Кассациялық сот отырысы жәбірленушілердің өтінішхаты бойынша өтті, олар сот актілерін өзгертіп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін өзгертіп, Н.Болатқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, сондай-ақ, әрқайсысына 1 миллион теңгеге дейін моральдық залалдың өтемақы мөлшері өсті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!