Абайлаңыз! Жақтың шығуына әкелетін сіз ойламаған әрекеттер

Абайлаңыз! Жақтың шығуына әкелетін сіз ойламаған әрекеттер
Фото: ru.freepik.com

Дженна Синатра есінегеннен кейін аузын жаба алмай қалған: оның жағы қатты ауырған. Жас қыз дәрігерлер қолмен жағын орнына салып бергенге дейін төрт сағат бойы ауруханада болған. 

Есінеу туа біткен рефлекстер қатарына жатады. Ғалымдар есінеу ағзаға көбірек оттек алуға көмектесетінін, сондай-ақ қызып кетуден және күйзелістен қорғайтынын айтады. Сондай-ақ жаныңыздағы адам есінесе, сізге есінемей отыру қиынға соғады. 

Жалпы есінеу қауіпті емес, бірақ өз әрекетіңізді бақылау маңызды. Мысалы, Нью-Джерси тұрғыны 21 жастағы Дженна Синатра туған күніне бірнеше күн қалғанда ыңғайсыз есінеп, жағын шығарып алған. Оның айтуынша, ол есінеген кезде аузын қатты ашқан, содан соң оны кейін қарай жаба алмаған. Сондықтан ол дәрігерлер көмегіне жүгіну үшін ауруханаға барған. 

Дәрігерлер үш сағат бойы оны қарап, рентгенге түсіреді. Осы уақыт бойы Дженна аузы ашық күйінде отырған. Содан соң дәрігерлер оның жағы шығып кеткенін анықтайды. Оған бұлшықеттерді босаңсытатын дәрі беріп, дәрігерлер қолмен жағын орнына салып берген. 

"Мен бұл қайтадан қайталанады деп қорқамын. Дәрігерлер қайталануы мүмкін екенін айтты, сондықтан абайлап есінеу керек. Бұл жағдайдан соң менің өмірімде жаңа қорқыныш пайда болды", - дейді Дженна.

Қатты есінеу - жақ шығып кетуінің жалғыз себебі емес. Пластикалық хирург Энтони Юнаның айтуынша, мына әрекеттер де жақ шығуына әкелуі мүмкін:

  • Қатты күлу;
  • Үлкен бутербродты жеуге тырысып, ауызды қатты ашу. 
  • Кез келген бет зақымы, соның ішінде соққы немесе жаралап алу.

Жақ шығып кеткен кезде аузыңыз жабылмауы, жақ қатты ауыруы, тістем өзгеруі немесе біртүрлі бет асимметриясы пайда болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: "Ауызға қышқыл дәм келеді". Кекірудің қауіпті белгілері

А. Жапатова