"Біреудің басына түссе не болады?" Алматыда жаяу жүргіншілер жолына құлаған ағаш наразылық туғызды

"Біреудің басына түссе не болады?" Алматыда жаяу жүргіншілер жолына құлаған ағаш наразылық туғызды
Фото: Massaget.kz

Алматыда Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолына ағаш құлаған. Оқырмандар редакцияға ағаш құлаған жерден суреттер жіберіп, бұл жағдай тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтып шағымданған болатын. Мәселеге қатысты әкімдік өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың сөзінше, құлаған ағаш жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірген. Әсіресе, мектеп оқушылары мен кішкентай балаларға қауіпті екен.

"Мұндай жағдайды арнайы бақылап отыратын қызметкерлер жоқ па? Біреудің басына түссе не болады?" - деді қала тұрғыны.

Алмалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

"16 мамырда Байтұрсынов көшесі мен Құрманғазы көшесінің қиылысында ағаш құлады. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына мердігер ұйым барды. Құлаған ағашты тазалау жұмыстары аяқталды", - деді әкімдік өкілдері.

Алмалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды қаласының екі тұрғыны бүлінген көліктері үшін Қазыбек би ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесімен соттасып, шығынын өтеп алды. 

Оқиға 2023 жылы 13 маусымда Қарағанды ​​қаласы Мұқанов көшесі, 14/2 үй мекен-жайында орналасқан тұрғын үйдің ауласына болған. Шіріген талдар сынып, тұрақта тұрған екі адамның көлігін бүлдірген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова