Бишімбаев рақымшылыққа ілінуі мүмкін бе? Заңгер жауабы

Кеше қоғамда резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа үкім шықты. Өз әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталған шенеунік 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бостандыққа мерзімінен бұрын шығуы немесе рақымшылық алуы мүмкін бе? Мерзімінен бұрын шығу туралы өтінішті қашан бере алады? Massaget.kz тілшісі бұл туралы заңгер Әйгерім Құсайынқызымен сұхбаттасты. 

Заңгердің айтуынша, Бишімбаев 24 жылдан да ерте шығуы мүмкін.

"Алайда Қазақстан республикасының Заңнамасына сәйкес, ол бұл мерзімнің 3/2 немесе 66 пайызын өтегеннен кейін жәбірленуші тараптың рұқсаты болған жағдайда ғана бұл істі судья қайта қарай алады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодесіне сәйкес, кез келген қылмыскер мерзімнен бұрын шыға алады. Бұл тек бала зорлаған педофилдерге қолданылмайды. Мерзімнен бұрын шығу Бишімбаев немесе өзге де қылмыскерлердің конституциялық құқығы. Ал жәбірленуші тарап, яғни Салтанат Нүкенованың туыстары оған кешірім бере ме, жоқ па - басқа мәселе", - дейді заңгер. 

Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, Бишімбаевтың босап шығуының болжамды сценарийі көп. 

"24 жылдың 66 пайызын есептейтін болсақ, ол шамамен 16 жылдан кейін мерзімнен бұрын шығуға өтініш бере алады. Бишімбаев 60 жасқа жеткенде судья істі қайта қарай ма, жоқ па белгісіз. Меніңше, қарамайтын секілді. Түрмеде қандай жағдайда болатынын біз білмейміз. Денсаулығы нашарлай ма, психиатриялық ауруханаға түсе ме, оның сценарийі көп", - деді маман. 

Заңгер оған максимал мерзім берілмегенін айтты. 

"Оған 25 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін еді. Бірақ өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін 10 алқаби судья қоған 10 сұраққа "иә" деп жауап беруі керек болған. Демек олардың пікірлері бір жерден шыққан жоқ. Алайда 25 жыл немесе өмір бойына жазаға кесілумен салыстырғанда 24 жыл - үлкен жеңіс. Бір жағынан, гуманды, екінші жағынан, Қазақстанның беделін бүкіл әлемге көрсетіп тұр. Яғни біз абьюзерлерге осындай қатал жаза тағайындаймыз деген сөз. Еуропада ең ауыр қылмыстарға 20-21 жыл беріледі", - деді Әйгерім Құсайынқызы. 

Айта кетейік, бұған дейін адвокат Хамида Айтқалиева "Қуандық Бишімбаевқа рақымшылық жасала ма?" деген сұраққа жауап берген еді. 

"Президенттің 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Бишімбаевқа рақымшылық жасалды - оған сот тағайындаған жаза мерзімі 10 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сол жылы сот Бишімбаевты жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын өтеуден босатты. 2021 жылғы 9 қаңтарда сот белгілеген пробациялық бақылау аяқталды. Демек, қылмыс жасаған кезде, Бишімбаевтың өтелмеген соттылығы болды. Бұрын ол аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғанын ескерсек (ҚК-нің 366-бөлігі 4 "пара алу"), егер ол басқа аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылса, оның әрекеттерінде қылмыстық қайталануы ретінде сараланады. Рақымшылық жасау туралы Акт қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қылмыстардың қайталануы кезінде жазасы тағайындалған адамдарға қолданылмайды", - деп түйіндеді ол.

"Террористер, педофилдер". Бишімбаев жазасын өтейтін колонияда кімдер жатады? 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!