Қазақстандықтарға мереке күндері жұмыс істегені үшін төлемақы қалай беріледі?

Қазақстандықтарға мереке күндері жұмыс істегені үшін төлемақы қалай беріледі?
Фото: pixabay.com

Мереке күндері барлық қазақстандықтар бірдей демалмайды. Кейде қызметкер демалысын кейінге қалдырып немесе тоқтатып, жұмысқа бару керек кездер болады. Мұндай жағдайларда қызметкер қандай төлемақы ала алады? Бұл сұраққа Tengri Life-ке заңгер Надежда Гельдт жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек кодексі мереке және демалыс күндері еңбекақы төлеуді реттейтін нормаларды бекітеді. Біріншіден, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі (85-бап).

Алайда маман мұндай келісім қажет етілмейтін жағдайлар бар екенін айтты. Оған мыналар жатады:

  • төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін; 
  • еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін; 
  • тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.

"Ауысым кестесі бойынша немесе вахталар кестесі бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерді мереке күндері, сондай–ақ демалыс күндері жұмысқа тарту үшін қызметкерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді", - деді заңгер.

Демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін қызметкерге оның қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе ақы төленеді.

"Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс берушінің актісінің талаптарына сәйкес жоғары мөлшерде, бірақ қызметкердің тәуліктік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, бір жарым мөлшерден төмен емес мөлшерде жүргізіледі", – деп түсіндірді маман.

Айта кетейік, демалыс және мереке күндері жұмыс берушілерге өз жағдайы туралы анықтама берген жүкті әйелдерді тартуға тыйым салынады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова