"Террористер, педофилдер". Бишімбаев жазасын өтейтін колонияда кімдер жатады?

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шықты. Оған 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және ол жазасын қауіпсіздік деңгейі барынша қатаң мекемеде өтейді. Бұл қандай колония және мұндай жерде кімдер жазасын өтейді? Бұл жайлы Massaget.kz тілшісі заңгерлермен сөйлесті.

Заңгер Думан Көпбаевтың айтуынша, сотталушы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде мына жағдайларда жазасын өтейді:

  • Бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтеген, бас бостандығынан тағы да айыруға сотталған адамдар өтейді;
  • Бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген (бұрын сотталған), айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығынан шектеу бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар өтейді;
  • Бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, бірақ бүгін пара алу, пара беру, парадағы делдалдық қылмыстарын жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар өтейді.

Заңгер Мұхамедияр Нұрғалиұлы Қазақстандағы колониялардың түрлеріне тоқталып, олардың бір-бірінен айырмашылығын түсіндіріп берді.

"Қоныс колониясы деген бар. Ол қауіпсіздігі ең жеңіл дәрежедегі мекеме, ол жатақханаға ұқсайды: сотталушылар таңертеңнен кешке дейін жұмысқа барып келеді. Ал кешкісін белгіленіп, сол жақта қону керек. Содан соң жалпы режимдегі колония бар. Жаңадан қылмыс жасағандар жалпы режимге кетеді. Бұл жерге орта деңгейдегі және ауыр санаттағы қылмыстармен жазасын өтейді. Бұл жерде Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес 1/3 бөлігін өтесе, мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік болады. Мысалы, сотталушыға 9 жыл берсе, оның тәрбиесі мен іс-әрекетіне, өзін жақсы қырынан көрсетуіне қарай, ол 3 жыл жазасын өтеп, мерзімінен бұрын шығып кете алады. Яғни, ол пробацияға тіркеліп, үйге шыға алады", - дейді Мұхамедияр Нұрғалиұлы.

Заңгер қатаң режимді колонияда мерзімінен бұрын шығуға өтініш жазу үшін сотталушы жазаның міндетті түрде 2/3 бөлігін өтеу керегін ескертті.

"Одан кейін қатаң режимді колония бар. Бұл жерде екінші және үшінші рет сотталғандар жатады. Аса ауыр санаттағы істер үшін қатаң режимге бірден түсуі де мүмкін. Яғни, Қылмыстық кодекстің өз шектеулері бар. 10 жылдан жоғары берілетін қылмыс болса, ол қатаң режимді колонияға кетеді. Бұл жерде мерзімінен бұрын шығуға өтінішті тек жазаның 2/3 бөлігін өтегеннен кейін ғана бере алады. 

Ал енді қауіпсіздігі ең жоғары колония - бұл ерекше режим. Бұл жақта көбіне террористер, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар, педофилдер жатады", - деді заңгер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!