Қызыл кітапқа енген қалашық: Атырауда соғыс жылдары салынған шағынаудан туралы не білеміз?

Атырауда Жайық жағасында орналасқан "Тұрғындар қалашығы" Ұлы Отан соғысы кезінде Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері үшін тұрғызылған. Кезінде элита саналған қаланың қақ ортасындағы шағынауданның қазір әбден тозығы жетті. "KAZ.NUR.KZ" тілшісі ескі ауданнан фоторепортаж дайындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1942 жылы Гурьев облысының аумағында Кеңес әскерінің техникасын жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үшін мұнай өңдеу зауытын салуға шешім қабылданды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін архитекторлар зауыттан қауіпсіз қашықтыққа орналасқан жерде Жайық жағасынан мұнай өңдеушілер және олардың отбасының жайлы өмір сүруі үшін жаңа қалашық тұрғызуды жоспарлады. Мәскеуден арнайы мамандар шақырылып, болашақ қалашықтың эскизі сызылды, орны белгіленді. Үйлердің барлығының сырты ақ гипсоблокпен қапталды. Осы себепті де сол кезде көше бойына тізілген екі қабатты үйлер "Ақ қала" деп аталып кетті. 

Атырау. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындар қалашығында барлық инфрақұрылым қамтылды. Жаңадан бой көтерген қалашықта әлеуметтік және мәдени маңызы бар объектілер, яғни зауыт жатақханасы, "Нефтяник" стадионы, клуб, саябақ, жағажай, монша, шаштараз, кафе, санатория-профилактория, перзентханасы бар аурухана, емхана, жылыжай, мектеп, мектепке дейінгі ұйымдар, сауда нүктелері салынды. Мұның барлығы қалашықтың және оның тұрғындарының тіршілік қарекетін қамтамасыз етіп отырды. Бұл туралы жазушы, тарихшы Валентин Тарабрин "Көне тұрғындар қалашығының аңыздары" атты кітабында еске алады. 

Тұрғындар қалашығы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жазық даланы жасылдандыру үшін де білікті мамандар шақырылып, климатқа сай келетін ағаштар отырғызылды. Олар тез арада бой көтеріп, жасыл саябақтар пайда болды. Бұл жерді жергілікті тұрғындар "кішкене Швейцария – жұмақтың бір бөлігі" дейтін. 1982 жылы ерекше архитектуралық құрылыс жұмысы үшін зауыт аймағы – "Тұрғындар қалашығы" республикалық мәні бар тарихи ескерткіш статусын алып, Қызыл кітапқа енгізілді. 

Атыраудағы Қызыл кітапқа енген шағынаудан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қаланың бұл бөлігінде орталық стадион, орталық бассейн, қалалық мәдениет үйі, балалар кітапханасы, Ретро-парк, екі саябақ, мектеп-лицейлер, сауда нысандары орналасқан.

Бүгінде бұл қалашық Атыраудағы ең жасыл шағынаудандардың бірі. Дегенмен кезінде кіреберісінен-ақ сәні мен салтанаты келіскен, архитектурасымен ерекшеленген қалашықтың келбеті кеткен. 

Тұрғындар қалашығы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қаланың қақ ортасындағы үйлердің кейбірі құлап, сәнін бұзып тұр. Төбесі жоқ, қабырғалары құлаған ескі бір қабатты ғимараттарды үйсіз қаңғыбастар паналап алған. Ал аман қалған үйлердің көбі әбден ескіріп, тұрғындардың өмір сүру жағдайын қиындатып отыр. 

Атырау. Фото: KAZ.NUR.KZ

Марат Смағұлов – Әуезов даңғылында орналасқан үйлердің бірінің байырғы тұрғыны. Айтуынша, зейнетке шыққанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында энергетик болып қызмет атқарған. Пәтерін осы қызметте жүріп алған. Соңғы рет 1988 жылы қайта жаңғыртудан өткен үйдің бүгінгі күйі сын көтермейді дейді ол. 

Марат Смағұлов. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл үйдің іргетасы 1946 жылы қаланған. Кезінде жақсы материалдармен салынғанымен уақыт өте келе бәрі де ескірді. Сыртын көршілер болып өзіміз жөндеп алғымыз келген. Онымен 2006 жылы бұл үйлерді "Архитектуралық мұра" деп бағалап, ешқандай әрекет ете алмай отырмыз, айыппұл сала ма де сескенеміз. 2011 жылы осы маңайдан жаңа үй салынып, ескі үйдегілерді көшіреміз деп әкімдіктегілер уәдесін беріп кетіп еді. Үйдің кілтін табыстаған кезде жоспар аяқ астынан өзгеріп, үйді мүлдем басқа адамдар алды. Содан бізге әкімдіктен ешкім келмеді, өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз", - дейді тұрғын.

Осы көшеде тұратындардың бірі Светланаға бір қабатты ескі үйдегі пәтер әкесінен қалған. Өмірден өткен әкесіне осы пәтер зауытта абыройлы қызметі үшін берілген.

"Менің балалық шағым осы қалашықта өтті. Кезінде тап-таза, жайнап тұратын. Қазір тек естеліктер ғана қалды. Сол уақыттағы әдемі ғимарттар құлап, ішімдікке құмарлардың жиналатын жеріне айналды. Жайқалған ағаштарды да кесіп, орнына бизнес орталықтар салып тастады. Бір кездері әкімдіктегілер осы жердегі тұрғындарды қаланың басқа шетіне көшірмекші болды. Бірақ байырғы тұрғындар үйреніп қалған жерінен кеткісі келмеді. Сол кезде осы елді мекеннің бос жерлеріне жаңа үйлер тұрғызып сонда көшірмекші болған. Ол да қалды. Осы ғимараттарды реновациядан өткізіп сақтап қалу керек деген ойымызды жергілікті билікке жеткіздік. Бірақ еш нәтиже жоқ", - дейді тұрғын. 

Атыраудағы Қызыл кітапқа енген шағынаудан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындардың айтуынша, бұрын тәртіп қатты болған. Көктем келгенде барлық зауыт жұмысшылары көшеге шығып айналаны тазалап, ағаш отырғызып, үйлердің сыртын әктеп, тұрғылықты жерлерін қоқыстан тазартатын.

"Қазір ондай жұмыстар жүрмейді, ағаш отырғызылмайды. Ұйымшылдық жоқ. Өйткені бұл ешкімге қажет емес. Әркім өз өмірін сүріп жатыр", - дейді тұрғын Марат Смағұлов. 

Атыраудағы Қызыл кітапқа енген қалашық. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қаңырап бос қалған ғимараттардың тұрғанына он шақты жылдан асты. Салатанат құрып тұрған шағында Қызыл кітапқа енген қалашықтың тоз-тозы шыққанына ішіміз налиды дейді тұрғындар. Өкініштісі – ескі қаланың көркін сақтап қалуға тырысқан жұрттың жанайқайы жоғарыға жетпей жатады. Қалалық әкімдіктен бұл мекеннің көркейтуге арналған жоспар бар-жоғы сұралған,бірақ ол жауапсыз қалды.

Атыраудағы Қызыл кітапқа енген шағынаудан. Фото: KAZ.NUR.KZ 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!