Су тасқыны: малынан айырылған қазақтандықтарға 1,1 млрд теңге өтемақы төленді

Бүгінде су тасқыны салдарынан мал айырылған қазақстандықтарға 1 млрд 198 млн теңге өтемақы төленді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Адамдар (тасқыннан) бәлен мың бас мал өлді"деп әртүрлі әңгіме айтып жатыр. Шындығын айтсақ, штаб құрылған. Онда бүкіл жұмыс жүріп жатыр... Бүгінде 138 мың 800 бас малды (тасқыннан) аман алып шықтық. Бұл – үлкен жұмыс. (Тасқын салдарынан) өлген малдың саны – 9 761. Оның 98 пайызына утилизация жасалды", - деді Айдарбек Сапаров Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр малынан айырылған тұрғындарға өтемақы төленіп жатқанын жеткізді.

"Жалпы мал шығынын өтеуге тоқталайын. Штабта алгоритм бекітілген. Малына құжаты болса, (шығын) бюджеттен төленеді, ал малға құжат болмаса, тіркелмесе, (шығын) қор немесе демеушілер арқылы өтеледі. Бұл жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде (тасқын кезінде өлген – автор) 4801 бас малдың шығыны өтелді. Осылайша, 1 млрд 198 млн теңге төленді. Бұл жұмыс жалғасады", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз