АЭС-ке қатысты референдум: министр Ресейдегі елшінің мәлімдемесіне пікір білдірді

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаевтың АЭС туралы мәлімдемесіне түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осыған дейін Дәурен Абаев ресейлік ТАСС басылымына берген сұхбатында Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум жыл соңына қарай өтуі мүмкін екенін айтқан.

"Бұл мәселені референдумға шығарып отырмыз. Қазақстанда атом энергиясына қатысты белгілі бір фобия бар. Семей ядролық полигоны ұзақ уақыт бойы Қазақстанда орналасты. Ол республика тарихында үлкен ақтаңдақ боп қалды. Бұл жарылыстардың салдарымен әлі де күресіп келеміз. Сондықтан да бұл Қазақстан үшін өте бір "жанды" мәселе. Бұл мәселе референдумнан кейін шешіледі", - деді елші.

Бүгін Үкімет кулуарында БАҚ өкілдері министрге "Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев таяуда берген сұхбатында атом электр станциясы бойынша референдум жыл соңында өткізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл қаншалықты рас ақпарат?" деп сұрақ қойды.

Алмасадам Сәтқалиев референдумға қатысты жалған ақпарат жиі тарайтынын жеткізді.

"БАҚ-та әрдайым "Сәтқалиев референдум осы кезде өтеді деп айтты" деген ақпарат жиі жарияланады. Сол басылым ресми түрде кешірім сұрауға тиіс деп есептеймін! Себебі мен "заңнамаға сәйкес" деп сөйлеп, халықтың талабы мен жігері ескерілетінін айттым. Мемлекет басшысы бұл бағытта саяси шешім қабылдады. Біз соған сәйкес, референдум өткізумен айналысамыз", – деді министр.

Алайда Сәтқалиев қай БАҚ кешірім сұрау керектігін нақты айтпады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!