102 жастағы қызылордалық соғыс ардагері ұзақ жасаудың сырын айтты

102 жастағы қызылордалық соғыс ардагері ұзақ жасаудың сырын айтты
Фото: kaz.nur.kz

Қызылорда облысында бүгінгі ұрпақ үшін басын бәйгеге тіккен Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. 102 жастағы Яхия Тасыров ұзақ жасаудың сырын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Kaz.nur.kz"-ке сілтеме жасап. 

Ол – Ұлы Отан соғысында жеңіс үшін қан кешкен қаһарман. Ақсақал осы жасында нені армандайтынын айтты.

"Денсаулық жақсы. 102 жасқа келіп, аман-сау жүргеніме шүкірлік етемін. Адамда арман таусылған ба? 110-ға келу – арманым. Ауру-сырқаудан аман болайық", - дейді ол.

Ғасыр куәгері ұзақ жасаудың құпиясын да бөлісті. Айтуынша, көп жасауының сыры – жүрек тазалығы мен күнделікті қимыл-қозғалыс.

"Мен жаяу жүргенді жөн көремін. Күніне шамамен үш-төрт шақырым жаяу жүремін. Адамдармен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көремін. Күніне бір рет шығып, адамдармен әңгі­мелесіп қайтпасам, өзімді жайсыз сезінемін. Көңілім нені қалайды, тәбетіме не жағады соны ішіп-жеймін. Суды көп ішемін. Сосын таңертең шамалы уақыт жаттығу істеймін. Ең бастысы - жүректің таза болуы, жақсы адам болу. Жақсы адамға бәрі еңбекпен келеді. Достық, сыйластық, түсіністік - ұлы құндылықтар. Жаныңдағы әр адамға қамқор болуға, көңіл бөлуге дайын болу, адал өмір сүру, туған жерін сүю, елге қызмет ету", - дейді Яхия ақсақал.

Ұлы Отан соғысының ардагері 1922 жылы Сырдария ауданының Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. Ғасыр куәгері Яхия Тасыров Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысына қарасты Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге аттанады. Сібірде, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберіледі. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскті, Баранович пен Польшаны жаудан азат етуге қатысқан. Данск жерінде портта аяғынан ауыр жараланады. 1945 жылдың күзінде Яхия Тасыров Тереңөзек ауылына оралды.

"Мен де басқа солдаттар сияқты Берлинге жетіп, Рейхстагқа ту тігуді армандадым. Бірақ жеңістің сүйінші хабарын Мәскеуде ауруханада естідім", - дейді ардагер.

Ол қаруластарымен бірге Сталинград шайқасына қатысты. Осы қанды шайқастағы ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталып, сержант атағы берілді. Сондай-ақ соғыс кезіндегі қиын жауынгерлік тапсырмаларды орындағаны үшін "І және ІІ дәрежелі Отан соғысы" ордендерімен, "Ерлігі үшін" және "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған.

Кейін "Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы" медальдарына ие болып, "Сырдария ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді.

Елге оралғаннан бастап сүт зауытында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Төрт бала тәрбиеледі, немерелері ер жетті. Бүгінде абыз ақсақал шөберенің қолынан су ішіп отыр. 

А. Жапатова