Қанша қазақстандық Ұлы Отан соғысы батырларының есімімен аталған?

Ұлттық статистика бюросы Ұлы Отан соғысы батырларының есімімен аталған қазақстандықтар туралы мәліметтермен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Tengrinews"-ке сілтеме жасап.

Бауыржан

Елімізде 43 540 Бауыржан есімді азамат бар. Бұл есім Панфиловшылар дивизиясының аты аңызға айналған командирі Бауыржан Момышұлы құрметіне қойылған. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың ең қиын жылдарында өзін бір емес, бірнеше рет көрсете білген дарынды тактик және стратег.

Әлия

Әлия есімді қазақ әйелдері саны – 10 416, Алия - 56 862. Бұл есімді қазақ мергені, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова құрметіне қойған.

Мәншүк

Мәншүк есімді қазақстандықтар саны – 5979. Аты аңызға айналған пулеметші Мәншүк Мәметова құрметіне қойылған.

Хиуаз

Елімізде 591 адам Хиуаз есімді азамат бар. Бұл сирек есім қазақтың тұңғыш ұшқышы, Ұлы Отан соғысының ардагері, 588-ші түнгі бомбалаушы полк құрамында соғысқан Хиуаз Доспанова құрметіне қойылған.

Қасым

Елімізде 5091 Қасым бар. Бұл есімдер Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Қайсенов құрметіне қойылған.

Талғат

Талғат есімді қазақстандықтар саны – 46 916. Бұл атақты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдиновтің есімі. 

Рақымжан

Рақымжан, Рахимжан және Рахымжан есімді қазақстандықтар саны – 8 455. Бұл Ұлы Отан қорғаушысы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі. 1945 жылы 30 сәуірде майдандасы Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг қабырғасына Қызыл Ту орнатты. 

Сағадат

Қазақстанда Сағадат және Сагадат есімдерімен 3 139 адам тұрады. Бұл кеңестік және қазақстандық әскери қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі.

Сергей

Қазақстанда 134 302 ер адам Сергей есімімен аталған. Бұл 270-ші жойғыш авиациялық полкінің эскадрилья командирінің аты, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, жазушы Сергей Луганский.

Иван

Тағы 44 016 қазақстандық Иван есімімен аталады. Бұл тағы бір атақты қазақстандық ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Иван Павловтың есімі еді.

Жеңіс

Жеңіс есімімен елімізде – 11 123 адам тіркелген. Сондай-ақ елімізде Победа есімімен 23 адам тұрады.