Абай облысында "Мөлдір бұлақ" апталығы жалғасып жатыр

Абай облысында "Мөлдір бұлақ" апталығы жалғасып жатыр
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жарма ауданында "Таза Қазақстан" республикалық эко-акциясы аясында "Өзен-су – өлке ажары іс-шарасы өтті.

Басты мақсат – өскелең ұрпақты туған өлкенің қоршаған ортасы мен табиғи ресурстарына ұқыпты қарау дәстүрлеріне тәрбиелеу.

Акцияға 50-ден астам еріктілер, белсенділер, мекемелер, ұйым қызметкерлері, аудан тұрғындары қатысты. Акция аясында су қойманың жағасындағы қоқыс, тұрмыстық қалдықтар жиналды.

Ауданда 30-дан астам өзен бар. Оңтүстігінен солтүстігіне қарай ағып жатқан судың негізгі көзі – Шар өзені. Бұл өзен Қаражал биіктігінен бастау алады. Оның жалпы ұзындығы – 259 шақырым, су жинау алаңы – 14 900 км. Сарыарқа мен Қалба жотасының шекарасынан Ақшы ауылының жанындағы Ертіске құяды. Су – тұщы. Өзеннің негізгі каналына аудан жерлеріндегі бірнеше салалар іргелес.

Жазда су қоймасының аумағында демалушылар саны жыл сайын артып келеді. Олардың ішінде табиғатқа немқұрайлы қарайтындар көп, соның салдарынан су қоймасының жағасында шыны бөтелкелер, консервілер және басқа да қалдықтар жиналмай жатады. Еріктілер өз кезегінде, мұндай бұзақылыққа жол бермей, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.

"Өкінішке қарай, демалуға баратын азаматтар қоршаған ортаға немқұрайлы қарайды. Кейбіреулер бүгінмен өмір сүреді. Мысалы, пластикалық бөтелке, полиэтилен пакет жүздеген жылдар бойы шірімейді, сонымен бірге зиянды заттарды шығарады. Ата-бабаларымыз өмір сүрген жерді ертеңгі ұрпаққа таза қалдыра аламыз ба?" - дейді Жарма аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерлан Қайырбеков.

Осылайша, азаматтар 1-2 сағат ішінде Шар су қоймасының жағасын жинады. Болашақта ұйымдастырушылар аумақты тазартуға мүмкіндігінше көп адамды тартуды жоспарлап отыр.

Материалды Абай облысының әкімдігі ұсынды

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан