Сарапшы әлеуметтік желілердегі қаржылық сауаттылық бойынша ең зиян кеңестерді атады

 Сарапшы әлеуметтік желілердегі қаржылық сауаттылық бойынша ең зиян кеңестерді атады
Фото: tengrinews.kz

Көптеген адам жинақ пен капиталды көбейту үшін әлеуметтік желілердегі жалған сарапшылардың кеңестерін тыңдап, ақшаларын жоғалтады. Қаржылық сарапшы Никита Конев "Gazeta"-ға қандай ұсыныстар ақша табуға және үнемдеуге кедергі келтіретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осындай кеңестердің бірі: көп ақша жұмсасаңыз, ол сізге одан да көбірек болып қайтады

"Мұндай сенім адамның кірісіне қарамай өмір сүруіне әкеледі және ол неге ақша жинай алмайтынын түсінбейді. Зиянды қаржылық стереотиптер көп: "Ер адам ақша табу керек, ал әйел оны құрту керек", "Өзіңді бай адам секілді ұста, сол кезде ақша саған өздігінен келеді", - дейді Никита Конев.

Маман сондай-ақ көріпкелдер кеңесіне сенбеуге шақырды.

"Қиын кезеңде адамдар қолынан енді ештеңе келмейді деп ойлағанда сенім іздеп кетеді. Соңғы жылдары біз таролог, астролог, көріпкелдер қызметіне сұраныс көп екенін байқаймыз. Әрине, өз жұлдызнамаңыз жайлы тыңдауда тұрған ештеңе жоқ, бірақ мұндай мамандардың кеңесіне құлақ түрмеген жөн", - дейді сарапшы.

Никита Коневтің айтуынша, жылдам ақша ұсынатын жобалардан аулақ болу керек.

"Бұған қаржылық пирамида, скам, күмәнді инвестициялық платформалар, күмәнді стартаптар жатады. Шын мәнінде, салым бойынша шынайы кірістілік банк депозиттері пайызынан қатты асуы мүмкін емес. Сондықтан 30 пайыздан жоғары кірістілікті ұсынатын барлық жобаларға күдікпен қараңыз", - дейді ол.

Барлық ақшаны үйде сақтау тиімді емес. Банкте сақтасаңыз, ол сізге пайыз беретінін ұмытпаңыз. Қолма-қол ақша инфляция себебінен үнемі құнсызданып отырады. Оған қоса, банктегі қауіпсіздік кез келген үйдегі күзет жүйесінен жақсы.

"Тағы бір зиян кеңес – бұл жайлы ештеңе түсінбесеңіз де, инвестиция жасау. Қазір пассивті кіріс тақырыбын банктер мен басқа да қаржылық нарық қатысушылары белсенді түрді алға тартуда. Бірақ жоғары тәуекелді, құбылмалы активтерді сатып алу - ақша жоғалтудың кепілдендірілген тәсілі", - деп ескертті маман.

Маман қаржылық білімі жоқ достар мен туысқандардың кеңесін тыңдау нашар идея екенін айтты. Олар нақты сомаға активтері сатып алып, оны еселеп алған болуы мүмкін. Алайда сәтті мәміле кездейсоқтық болуы да мүмкін.

"Қаржылық табысты болу үшін әлеуметтік желілердегі жалған сарапшыларды емес, нарық сарапшыларын, тәжірибелі аналитиктерді тыңдаңыз. Қосымша білім алсаңыз немесе инвестиция саласында білім алсаңыз тіпті жақсы", - дейді Никита Конев.

А. Жапатова