Инфаркт кезінде не істеу керек? Кардиолог кеңесі

Кардиолог Арман Қажмұханов миокард инфарктісі және инфарктіге шалдыққан жағдайда не істеу керек екені туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Маманның сөзінше, миокард инфарктісі, яғни инфаркт - тез арада әрекет етуді қажет ететін ең ауыр және қауіпті жүрек-қан тамырлары ауруының бірі.

Инфарктіге әкеп соққан себепті түсіну, оның алдын алу және инфаркт болған жағдайда не істеу керек екенін білу өмірді сақтап қала алады.

"Миокард инфарктісі артерия бітелуінен жүрекке қан жетпегенде, әдетте қан ұйығышы пайда болуына байланысты болады. Бұл жүрек тінінің некрозына әкеледі және тез арада емдемесе, өлімге әкеп соғуы мүмкін", - деді маман.

Инфаркт әртүрлі факторға байланысты болуы мүмкін, соның ішінде адамның жасы мен оның өмір салты да маңызды роль атқарады.

Алдын алу шараларына дұрыс тамақтану, қалыпты физикалық белсенділік, холестерин мен қан қысымын бақылау, темекі шегуден бас тарту және алкогольді қалыпты мөлшерден асырмау жатады.

Инфаркт кезінде не істеу керек:

  • Кеудеде ауырсыну, тұншығу, жүрек айну, құсу немесе әлсіздік сияқты белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз.
  • Науқасқа ыңғайлы жерде отыруға немесе жатуға көмектесіңіз, оған қоса таза ауа қажет.
  • Науқастың аспиринге қарсы көрсетілімі болмаса, бір таблетка аспирин беріңіз. Аспирин қанды сұйылтуға көмектеседі және тромбтың мөлшерін азайтуы мүмкін.
  • Науқасты жалғыз қалдырмаңыз: медициналық көмек келгенше науқаспен бірге болыңыз және диспетчердің нұсқауын орындаңыз.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!