Қазақстаннан соғысқа қанша адам шақырылған, бүгінде арамызда қанша ардагер қалды?

Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл. Арамызда сол қан майданды көзімен көрген ардагерлер бар. Massaget.kz тілшісі Қазақстаннан соғысқа қанша адам шақырылған, бүгінде арамызда қанша ардагер қалғанын анықтады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады.

"Соның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 108 ардагер және ҰОС кезеңінде алған жарақаты немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар 40 адам, республикада ҰОС жеңісіне үлес қосқан 50 012 басқа азамат бар. Олардың ішінде қоршаудағы Ленинград ардагерлері - 70 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары - 149 адам; ҰОС кезеңінде жарақат алған немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары - 2 314 адам; ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері - 2 адам; тыл ардагерлері - 47 477 адам", - деп жазылған министрлік жауабында.

© Әлихан Сариев

Ұлы Отан соғысы кезінде майданға 1 миллион 200 мыңнан аса қазақстандық шақырылған. 20-дан аса атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған.

"Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды - олар шайқаста қаза тауып, кейбірі хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады", - деп жазылған министрлік жауабында.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!