Прокурор теміржол рельстерін сатып жіберген күдіктіні бес жылға соттауды сұрады

Прокурор теміржол рельстерін сатып жіберген күдіктіні бес жылға соттауды сұрады
Фото: pixabay.com

Алматыда теміржол рельстерін ұрлап, сатып жіберді деп күдікке ілінген айыпталушыға қатысты кезекті сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі аlmaty.tv-ге сілтеме жасап.

Сот тергеуі аяқталып, бүгін жарыссөзі басталды.

Қазақстан теміржолы жүк тасымалы филиалының Алматы пайдалану локомотив депосындағы кезекті тексеріс кезінде металл сынықтарының жетіспейтіні анықталған. "55 тоннадан астам темірді талан-таражға салды" деген күдікке депо басшысы ілінген. "Лауазымды қызметкерден рельстерді мен сатып алдым" деп куәлік еткен азамат та бар екен. Бүгін аталған іске қатысты сот отырысында жарыссөз басталды. Алдымен мемлекеттік айыптаушы сөйледі.

"Куәгер Асановтан жауап алу кезінде ол теміржол рельстерін Алматы пайдалану локомотив депосының басшысы Төлекпаевтан сатып алғаны туралы айтып көрсеткен. Сот экономикалық зерттеу сараптамасының қорытындысымен металл сынықтарының жетпейтін сомасы 2 миллион 880 мың 100 теңге болған. Жедел тергеу нәтижелерінің зерттеу туралы хаттамасында Асанов теміржол рельстері үшін 6 миллион теңге бергенін айтып көрсеткен", - деді мемлекеттік айыптаушы Айдос Палманов.


Алайда айыпталушы тараптың адвокаты прокурормен келіспейтінін айтты. Қорғаушының айтуынша, куәгер мен сотталушының арасында араздық бар. Сондықтан жалған айтуы әбден мүмкін екен. Күдікті де кінәсін мойындамайтынын айтып, адвокаттың сөзін растаған.

"Бұл кісі "Мен кінәлі емеспін" деп шырылдап айтып келе жатыр. Ол ақша алмағанын айтты. Екеуінің арасында жанжал болғаын айтып, оны қуып шыққан. Ал ол сес көрсетіп кеткен", - деді айыпталушы тараптың қорғаушысы Марат Асқарбеков.

Прокурор айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары сияқты бірнеше лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айыру туралы да өтініш түсірді.

Айта кетейік, сотталушы 40 жылдан астам уақыт теміржол саласында қызмет еткен. Енді ол келесі сот отырысында соңғы сөзін айтады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан