Қазақстанда жаңа қызмет құрылды

Премьер-министр Олжас Бектенов орман қорын күзету және қорғау қызметін құру туралы қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы жаңа республикалық азаматтық қорғау қызметі төтенше жағдай кезінде, оның ішінде орман өрттерін сөндіру барысында орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

"Орман өрттеріне қарсы іс-қимыл ормандарды көбейтуге және ағаштарды кесуге ғылыми тәсілді, сондай-ақ кешенді алдын алу шараларын қабылдау мен тиісті құзыреттерді дамытуды қажет етеді. Бөлек қызмет құру қажеттілігі осындай талаптардан туындап отыр. Орман қорын күзету және қорғау қызметінің құрылуы мемлекеттік органдардың алапат орман өрттеріне қарсы күрес шараларын үйлестіруін жақсартуға, тиісті мекемелерді техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді арттыруға, сондай-ақ табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру үшін білікті кадрлар құрамын жасақтауға мүмкіндік береді", - делінген Үкіметтің таратқан хабарламасында. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі бар, олар еліміздегі тіршілікті қамтамасыз ететін институттардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған.

Олардың қатарына өрт сөндіру қызметі, медициналық қызмет, химиялық қорғау қызметі, инженерлік қызмет, радиациядан қорғау қызметі, ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жатады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!