Қайтыс болған адамның суретін қабырғаға ілуге бола ма?

Кей адамдарды "қайтыс болған адамның суретін үйге ілуге бола ма" деген сұрақ мазалайды. Кейбіреулер оны орынсыз деп санаса, басқалары бұл қайтыс болған жақын адамын есте сақтаудың жақсы тәсілі деп ойлайды. 

Адамдар қайтыс болған адамның суретін үйіне не үшін іліп қояды?

Адам өмір бойына айналасына өзімен байланысты заттарды жинайды. Жақын адамыңыз қайтыс болған кезде оның заттарының арасынан кейбіреулерін тастайсыз, ал басқаларын естелік ретінде сақтауыңыз мүмкін. Ал оның суреттеріне келер болсақ, олар қайтыс болған адамның заттарының арасындағы ерекше естеліктің бірі. Суреттер оны ұмытпауға көмектеседі және оларды немерелеріне, шөберелеріне көрсетуге болады. Адамдар әдетте мына себептермен қайтыс болған адамның суретін үйіне іледі:

  • Біріншіден, бұл адамдарға марқұм жақындарын есте сақтауға және оларды ұмытпауға мүмкіндік береді;
  • Екіншіден, бұл отбасының қайтыс болған жандарға деген сүйіспеншілігі мен құрметін білдіру тәсілі болуы мүмкін.
  • Үшіншіден, бұл адамдарға қайғы мен жақынын жоғалту сезімін жеңуге көмектеседі.

Алайда қайтыс болған адамның суретін қабырғаға ілуге немесе басқа көрінетін жерге қоюға бола ма?

Қайтыс болған адамның суретін үйде көрінетін жерге ілу жайлы шариғатымызда не айтылған? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жауап берді.

"Жалпы жансыз нәрселердің суретін салуға да, үйге ілуге де тыйым жоқ. Ал тірі жанның суретін салу - ғұламалар арасында тартысты мәселе. Себебі суреті бар үйге періште кірмейтіндігі жайлы хадистерде айтылған. Сондықтан бұл тартысты мәселе болғандықтан, мұндай суреттерді (фотоларды) ілмей, альбомда сақтау абзалырақ болады", - дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөліміның мамандары.

Қайтыс болған адамның суретінде жағымсыз энергетика болуы мүмкін

Эзотерика ғылымы қайтыс болған адамның суретін үйде көрінетін жерге сақтауға қарсы. Олардың айтуынша, барлық заттың өз энергетикасы болады. Ол адамдарға жағымды және жағымсыз әсер етуі мүмкін. Қайтыс болған адамның суретіне келгенде олар ода жағымсыз энергетика болады деп санайды. Сондықтан олар да қайтыс болған адамдардың суретін альбомдарға салып сақтауға кеңес береді.

Ол отбасы мүшелерінің психологиялық жағдайына қалай әсер етуі мүмкін?

Ішкі күйіңізге мән беріңіз. Қайтыс болған жақын адамыңыздың суретіне қарағанда не сезесіз? Егер жағымды сезім - сағыныш, мейірімділік, жақындық пайда болса, онда бәрі дұрыс. Бірақ егер суретке қараған кезде қайғы және үмітсіздік пайда болса, оны көзге көрінетін жерден алып тастай тұрыңыз. Уақыт емші. Біраз уақыт өткен соң қайтыс болған жақын адамыңызды еске алу жеңілдей түседі. 

Қайтыс болған адамның суретін үйіңізге ілу - ол әркім өзі қабылдайтын жеке шешім. Алайда бұл жайлы басқа отбасы мүшелерінің пікірін ескерген жөн және мұндай суреттер санымен әуестеніп кетпеу маңызды.

Оқи отырыңыз: Қайтыс болған адамға "иманды болсын" немесе "марқұм" деп айту дұрыс па?