Павлодар облысында әкімдік қызметкерлері 89 миллион теңгені жымқырып кеткен

Павлодар облысында әкімдік қызметкерлері 89 миллион теңгені жымқырып кеткен
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысы әкімдігінің қызметкерлері 89 миллион теңге жымқырып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 мамырда Павлодар қаласының № 2 соты аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша А.Г., М.А., Б.А., Ж.А. және А.А. адамдар тобына қатысты қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады (ҚК-нің 190-бабы).

Сотта не анықталды?

2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Павлодар қаласы әкімдігінің және Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері -А.Г., М.А., Б.А., Ж.А., А.А., қызметтік бабын пайдалана отырып, мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақы төлеу арқылы бюджеттен 89 миллионнан астам теңгені жымқырған.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденді. Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді.

Сот не үшін және қандай жаза тағайындады?

  • Сот кінәсін толық мойындауды және шын ниетпен өкінуді; іс бойынша келтірілген залалды ерікті түрде өтеуді;
  • А.Г., А.А., Ж.А., Б.А.-да жас балалардың болуын;
  • М.А.-ның айыбын мойындап келуін; қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді көмек көрсетуін;
  • тұрғылықты жері бойынша жағымды сипатталуларын ескерді.

Сот қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айтарлықтай төмендететін, жоғарыда аталған жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, кінәлі тұлғаларға ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі негізінде әртүрлі мерзімге 3 жыл 6 айдан бастап 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады.

Сотталғандарға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау, мәжбүрлі еңбекке тарту және міндеттер белгіленеді.

Сондай-ақ сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина