Цифрлық ақша халықты бақылау құралына айналатыны рас па?

Желіде цифрлық ақша халықты бақылау құралына айналатыны туралы фейк тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап. 

Instagram-да адамзатты көбірек бақылап, таңдау мүмкіндігін азайтатын CBDC цифрлық валютасы туралы видео талқылануда. Ролик авторының айтуынша, егер адам заңды бұзса немесе әрекеті күмәнді болса, онда оның электронды әмияны өшіріледі. Сонымен қатар, қолма-қол ақша кәдесыйға айналады және оны пайдалану мүмкін болмайды. Осылайша халық цифрлық қақпанға түседі екен. 

CBDC – бұл орталық банктер шығаратын және нақты тауарға байланысты емес цифрлық валюта. Бұл төлем жасауға арналған ақша нысандарының бірі. Әлемнің ешбір елінде қолма-қол ақша айналымнан алынбайды. Әр мемлекеттің өзінің цифрлық ақшасы және цифрлық валютасы болады.

Бүгінгі таңда әлемнің барлық елдерінде адамдар цифрлық төлемге көбірек жүгінеді, өйткені бұл ыңғайлы, жылдам әрі қауіпсіз. Банктер мен қаржы институттары қазір цифрлық транзакцияларды көбірек өңдейді, адамдар филиалдарға сирек барады.

Кейбір елдерде CBDC енгізілген, ал басқалары алғашқы қадамдар жасауда. Мәселен, Багам аралдарында, Ямайкада және Нигерияда цифрлық валюта толығымен енгізілді. 100-ден астам елде жаңа электрондық ақша жасау мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка пилоттық сатыда.

Қазақстан 2021 жылы "Цифрлық теңге" пилоттық жобасын іске қосты.  Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық Банкі жаңа валютаның артықшылықтары мен тәуекелдері тұрғысынан қажетті зерттеулер жүргізуде. Бұл ұзаққа созылатын процесс. Қазақстанның Ұлттық Банкі қолма-қол және қолма-қол ақшасыз ақшаны цифрлық валютамен алмастыруды жоспарлап отырған жоқ, ол қатар пайдаланылатын болады.

CBDC-ге қол жеткізу үшін чип қажет болады деген конспирологиялық идеяларды жақтаушылар да бар. Бұл өтірік, оны бірқатар фактчекерлер жоққа шығарды.

Цифрлық валюта айналымға енгізілген елдердің ешқайсысы адамдарды оны пайдалануға мәжбүрлемейді. Бұл әр адамның өз еркі. Сондай-ақ, қолма-қол ақшадан да ешкім бас тартпайды. Әлеуметтік желіде таралған видео – фейк.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!