"Жүрек" әні миллиард рет тыңдалған қазақстандық әнші Adam туралы не белгілі?

Көпке "Жүрек" әнімен танылған қазақстандық әнші Adam-ның туындысына түсірілген клипті 5 миллиард адам көріп, әлем бойынша 4,5 миллион адам видеоклип түсірген. Әншінің хит туындысы әлемнің 67 мемлекетінде тыңдалған. Бұл оның қазақ тіліндегі алғашқы туындысы. Massaget.kz тілшісі Adam туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

Adam лақапатымен танылған әншінің шын есімі - Фарух Мирхида. Ол Жамбыл облысы Меркі ауданы Меркі ауылында дүниеге келген. Өнер иесінің ұлты өзбек. Әншінің ата-бабасы байырғы қазақстандықтар болғандықтан, ол өзін қазақ санайды. Әнші өнер жолына 4 жасында қадам басқанымен, музыкалық білімі жоқ. Фарух Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетін Мұнай инженериясы мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Фарух Мирхиданың өнер жолы

Әнші 2019 жылдан бастап кәсіби музыкамен айналысады. 

"Қысқаша айтып өтейін. Менің ағам жиһаз жасайтын, ал мен оның көмекшісі болдым. Кейін ағам дәнекерлеуші болып жұмыс істегенде, мен қайтадан оның көмекшісі болдым. Қандай тірлік істесем де бәрін ағаммен бірігіп жасағанбыз. Ағам Астанадағы "Talan Towers" бизнес орталығының ғимаратына есік орнату бойынша тендер жеңіп алды, ал мен тағы да оның жанында жүріп, көмекшісі болдым", - дейді әнші Динара Сәтжанға берген сұхбатында.

Ал студенттік жылдары өнер иесі мейрамханаларда ән шырқаған.

"Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды, өйткені мен адамдармен араласып, түрлі жанрдағы әнді үйреніп, вокалымды шыңдап, көп зат үйрендім", - дейді ол.

Сонымен қатар, әнші біршама уақыт бойы кәсіби спорт, еркін күреспен айналысқан. Еркін күресті алғаш 7 жасында бастап, тіпті түрлі халықаралық жарыстарда бой көрсеткен. Алайда әнші сол шынтағын сындырып алып, толық жазылуына бір жылдан астам уақыт керек болған. Нәтижесінде еркін күреспен айналысудан біржола бас тартқан көрінеді. 

Фарух Мирхиданың музыкадан кейінгі сүйікті ісінің бірі - атбегілік. Бүгінде Меркіде әншінің 10-нан астам жылқысы бар. 

Әншінің тағы бір жасырын қабілеті - ол кез келген сөзді керісінше оқи, айта алады. 

Әлемге әйгілі "Жүрек" әні туралы

Қазіргі уақытта "Жүрек" әні Италия, Вьетнам, Марокко, Албания, Германия, Украина, Армения және т.б елдердің чарттарында жоғарғы орынды иемденген.

Әнші шырқайтын әннің бәрін өзі жазады, өзге композиторлардың әнін орындамайды, оған қоса, өнер иесі өз туындыларын ешқашан сатпаған. Adam-ның бұл әні TikTok желісінде 3 миллиард қаралым жинады.

"Жүрек" әні былтыр қыста, яғни бір жыл бұрын дайын болды. Әнді жарыққа арнайы күзде шығарамыз деп күтіп жүрдік, өйткені әннің стилі күздегі көңіл-күй, лирикаға өте жақын. Мысалы, көктемде, жазда билейтін, жылдам әндер шыққаны жақсы", - деді ол "Жаңа түнгі студия" бағдарламасына берген сұхбатында. 

Қытайдың "TOP-500" музыкалық платформасында туынды 9 орынды иеленгендіктен, әнші Қытайға әннің лицензиясын берген көрінеді. 

Жеке өмірі

Әнші жеке өмірін жасырын қалдыруды құптайды, "Қызық Times" бағдарламасына берген сұхбатында қазір отбасы ретінде тек аға-қарындастарын көретінін айтты.

Өнер иесі қазақ тілінде жарық көрген алғашқы туындысы танымалдылыққа ие болғандықтан, бұдай былай қазақша әндерді көбірек шығаруға бел буған секілді. Жақында қазақ тілінде тағы - "Ойлама", "Wonderful life" әндері тыңдармандарына жол тартты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!