"Баламызды тығып тастағанын дәлелдей алмадық". Серікзат Дүйсенғазы ұлы мерт болған курортқа қатысты сот аяқталғанын айтты

"Баламызды тығып тастағанын дәлелдей алмадық". Серікзат Дүйсенғазы ұлы мерт болған курортқа қатысты сот аяқталғанын айтты
Фото: Әлеуметтік желіден

Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлының қазасына себеп болған "Елікті паркке" қатысты сот аяқталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Үш жарым айға созылған "Елікті парк" соты бүгін аяқталды. Ақмола облысы, Зеренді аудандық сотының судьясы Аида Каримова төрағалық еткен сот процесі жәбірленуші тараптың талабын оң нәтижеге шешті. "Елікті парктың" иесі сотталған жоқ. Оның жиені сотталды. Себебі сол уақытта оның бизнесі уақытша сол жиенінің атына жазылған екен. Сот Әлихан сырғанаған күні де, одан бір апта кейін зардап шеккен Динара Муксулова мен Бірімжановалар сырғанаған уақытта да ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмағанын дәлелдеп, сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Біз олардың ұйымдасқан түрде баламызды тауда бір жарым сағат тығып тастағанын дәлелдей алмадық. Себебі тауда баламның жатқанын көрген куәгерлердің сөздері әртүрлі шықты. Көбі бір-бірін танитын адамдар ғой. Камера болмаған соң дәлелдеу қиын екен. Оның үстіне сотталушы тараптың жалдап алған екі адвокаты да әккі, заң саласынан білімдері терең жігіттер екен. Еш дәлелдері жоқ болса да әр сотта "бүйректен сирақ шығарып-ақ" бақты. Сот моральдық шығынымызды ішінара қанағаттандырғанымен, материалдық шығынымызды қанағаттандырмады. Оның барлығына чек керек екен. Өзіміз азан-қазан болып жатқанда кім чек жинап жүреді? Адам өлімінің өзі дәлел емес пе? Біздің заңдарымыздың да қызық жері көп екеніне көз жетті. Енді он бес күннің ішінде екі тарапқа да аппеляциялық сотқа беруге мүмкіндік бар", - деді ол. 

Өнер иесінің айтуынша, олар үш айдан аса психологиялық күйзелісті бастан өткерген.

"Бірде күңірендік, бірде күрсіндік. Бірде тебірендік, бірде тепсіндік. Бірде қиналдық, бірде жыладық. Бұндайды ешкімнің басына бермесін. Кеше біреулер "балаңның жанын қинамай ана дүниеге жіберсеңші" деп пікір жазып қойыпты. Аптасына екі күн таңнан кешке дейін марқұм балаң туралы сотта айтылып жатса көрер едім ақыл айтқанды. Бұл қазақта ақылгөй көп, әйтеуір. Алла хидаят берсін дейміз. Ел Бишімбаевтың тағдырын талқылап жатқанда, біз өз сотымыздың соңы қалай болар екен деп қалтырап жаттық. Дәл менің Әлиханым сияқты талай бала осындай шаңғы базаларында қайтыс болған. Сот біткенше барлығының аманаты мойнымда жүргендей күй кештім. Солардың арасында Әлиханның ісі ғана сотқа дейін жетті. Оған бізді қолдаған қалың қазағымның үлесі бар деп ойлаймын. Өскемендегі Арай Болтабаеваның он бес жастағы қызы Аружан, Талдықорғандағы бір отбасының үміт күткен жалғыз баласы Ілияс Қанғабылов сияқты марқұмдардың ешқайсының ісі сотқа жетпеген. "Несчастный случай" деп тергеу кезінде жауып тастап отырған. Оның ар жағында "бармақ басты, көз қысты" әрекеттер тұрғаны айтпаса да түсінікті. Ондай қайғылы жағдайға ұшыраған балалар көп екен. Маған ата-аналардан талай жылаған хаттар келді. Біразына қолдау көрсетіп жауап та жаздым. Көбінің атын қайғыдан қан жұтып жүргенде ұмытып қалдым. Осы ретте, Ақмола облыстық тергеу басқармасының бастығы Талғат Жұмановтың, аға тергеуші Зарина Ахильгованың жұмысына оң баға беруге болады. Тергеу жұмысында нағыз кәсіби маман екендіктерін көрсетті. Мұндай істі дәлелдеу оңай емес. Себебі, Қазақстанда эксперт мамандар жоқтың қасы. Сондықтан бізде бұл салада былық көп. Тергеушілер қанша қысым көрсе де соңына дейін істі аяқтап, сотқа жеткізді. Алла разы болсын! Әлиханымның ісі осыған ұқсас оқиғалардың арасында бірінші рет жеңіске жеткен процесс. Мен біреудің сотталғанына қуана қоятын қазақ емеспін. Бірақ басқа тау шаңғы базалары мен демалыс орындарына осы сот сабақ болса екен деймін. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қауіпсіздік ережелері сақталса өрімдей жастар қыршынынан қиылмас еді ғой. Адам қауіпсіздігін екінші орынға ысырып, тек баюды көзлеген ашкөз кәсіпкерлерде ұят деген ұғым болмайды. Олар барлығын ақшамен өлшейді", - деп жазған ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Серікзат Дүйсенғазы (@serikzat_duisengazy)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек