Депутат автобус жүргізушісіне қарсы жасалған қылмысты терроризмге жатқызуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елімізде автобус жүргізушісіне қарсы жасалған қылмысты терроризм актісіне жатқызуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

"Жақында Алматыда ер адам автобус жүргізушісіне шабуыл жасап, салдарынан 3 жазықсыз адам қаза тауып, 4 адам жараланды. Бұл оқиға бәрімізді есеңгіретіп тастады. Қайтыс болғандардың арасында көпбалалы ерлі-зайыпты да бар. Олардың балалары жетім атанды. Осыған байланысты азаматтарымыздың қоғамдық көліктегі өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселені көтергім келеді", - деді Магеррам Магеррамов.

Оның пікірінше, қоғамдық көліктегі қауіпсіздік сақталмаған, ал жүргізушілердің артық жұмысы көп.

"Біз қоғамдық көлік жүргізушілеріне күн сайын миллиондаған азаматымыздың өмірін сеніп тапсырамыз. Олардың өмірі Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей, біздің ең жоғары құндылығымыз. Міндетін орындап жүрген қоғамдық көлік жүргізушісінің өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға қатысты шаралар уәкілетті тұлғалар тарапынан тиісті деңгейде қарастырылмаған. Автобус жүргізушісін оқшаулау шарасы болмауынан жүргізушілер көлікті басқарудан бөлек, жол ақысын, көліктегі тәртіптің сақталуын қадағалайды. Осылайша, олар жолда әртүрлі жағдайға алаңдауға мәжбүр болады", - деді депутат.

Магеррам Магеррамов енді автобуста жүргізушіге қарсы қылмыс жасалса, оны терроризм актісі деп бағалау керек. Себебі, мұндай әрекет көптеген адамға қауіп төндіреді.


"Қоғамдық көлікте жасалған қылмыстар, оның ішінде көлікті басқаратын адамдарға қарсы (жасалған қылмысты) қауіптілік деңгейі бойынша терроризм актісіне теңеуге болады. Себебі, қылмыс салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапса, бұл автобус ішіндегі адамдардың ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың да өліміне әкелетіні сөзсіз", - деді ол.

Депутат қазақстандақтырды қоғамдық көлікте тасымалдаудың қолданыстағы тәртібі қауіпсіздікке сай келмейтінін жеткізді.

Осыған байланысты Роман Склярға келесі сұрақтарды қойды:

1. Қоғамдық көліктегі тұрақты бақылаушылар неге алынды?
2. Сіз қоғамдық көлік жүргізушілерін толық оқшалау, автобустарды қайта жабдықтау үшін қажет шараларды қабылдайсыз ба?
3. Жолдағы қауіпсіздікті және қоғамдық көлікте тәртіпті сақтау үшін сіз тұрақты негізде автобусқа бақылаушыларды тарту туралы шешім қабылдайсыз ба?

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы жантүршігерлік автобус апатына кінәлі жолаушы 8 жылға сотталған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз