Тасқыннан үйсіз қалған қазақстандықтарға өтемақы уақытында берілуі керек - Нартай Сәрсенғалиев

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев табиғи апаттан кейін үйі су астында қалған саяжай иелеріне өтемақы уақытында берілуі керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

"Қызыл су арнасынан адасып аққанда амал таппаған адамдар далада қаңғырып қаламыз ба деп қорықты. Осыдан 2 апта бұрын дәл осы мінберден бұл мәселеді көтердім. Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның қазіргі жағдайы арқамды аяздай қарып барады", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Батыс Қазақстанда тасқыннан 1292 тұрғын үйге зақым келген. Оның 116-сы - Қаратөбе, 243-і - Сырым, 218-і - Бөрлі, 649-ы - Теректі, 43-і - Бәйтерек, 6-уы - Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында.

Оның айтуынша, өңірде 15 мыңға жуық саяжайды су басқан.

"Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы - Орал қаласында, 112-сі - Бәйтерек, 245-і - Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында. Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр. Өйткені, ағын судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт", - деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев саяжай иелеріне өтемақыны уақытында берілуі керек деген пікірде. Себебі, барлық тұрғын қысқа дайындалып үлгеруі керек.

"Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір БҚО-да сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсызда қарғын судың салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талабын уақытылы орындауымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай "Салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде" ел қақаған қыста қатып қалады", - деді ол.

Депутат Үкіметке мынадай ұсыныстарды жолдады:

  1. Су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауға тиіс комиссия жұмысын бірізге келтіру керек. Сол үшін әр аймақтағы комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуға тиіс.
  2. Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет.
  3. Әр үйдің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан төленетіні әр қорытындының ішіне жүктелсін. Ол ақпараттармен барлық азаматтың танысу мүмкіндігі болуы шарт.
  4. Су астында қалған мыңдаған саяжайдың ауласында лас қалдықтарға арналған шұңқырлар болды. Демек ондағы қалдықтар суға бетіне шықты. Сондықтан ол аумақтарға дереу санитарлық-профиктикалық шаралар жүргізу қажет.
  5. Ең негізгісі Үкіметтің маңызды қаулыларын бүгінгі оқыс жағдайға сәйкес өзгерту керек. Олардың осындай төтенше жағдайдағы үй беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарау керек.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!