Астанада жедел жәрдем станциясының экс-басшысы Мұрат Оразбаев сотталды

Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы басшысына қатысты үкім шықты. Мұрат Оразбаевқа 36 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Іс бойынша екі адамға айып тағылған. Олар – пара алды деп айып тағылған Мұрат Оразбаев және делдалдық жасады деген қалалық жедел жәрдем станциясының бұрынғы фельдшері Лариса Малиновская.

Іс материалдарына сәйкес 2022 жылы екі медициналық колледж бен жедел жәрдем станциясы арасында бірлескен қызмет туралы келісім жасалған. Сол жылдың мамыр айында Оразбаев жедел жәрдем станциясындағы негізгі жұмысынан бөлек колледжде ұстаздық етіп жүрген Малиновскаяны кабинетіне шақырған.

Ол Малиновскаядан жалпы қорғаншылық үшін, оның ішінде медициналық колледждерде ақылы негізде оқу тәжірибесін өткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында жоғарыда аталған колледждерден оған жалақы ретінде түсіп отыратын қаражаттың бір бөлігін – параны алып беріп отыруды талап еткен. Малиновская жұмысынан айырылып қалудан қорқып, Оразбаевтың талаптарына келіскені айтылды.

Іс материалдарына сәйкес Оразбаев 2022 жылдың 12 мамырынан бастап 2023 жылдың тамызына дейін жалпы қорғаншылық, оның ішінде медициналық колледждерде ақылы негізде оқу тәжірибесін өткізуге жәрдемдескені үшін Малиновскаядан өзінің жеке шотына аударым жасау арқылы Малиновскаяға медицина колледждерінен жалақы ретінде түсіп отырған ақша түрінде пара алған. Жалпы сома 676 мың теңге болған.

Одан бөлек, 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың сәуіріне дейін бас фельдшер Малиновская ментор-тәлімгер бола отырып, "Р." ЖШС-на саны аз студент тобына ментор-тәлімгер ұстау тиімсіз екенін түсініп, олардың студенттерін басқа колледждердің студенттерімен біріктіруге келісіп, бірге оқытқан. 2023 жылы сәуірдің соңында "Р." ЖШС-мен жасалған келісімшарттың егжей-тегжейін білген Оразбаев Малиновскаяны клиникалық базаны беруді көздейтін шарттары бар жаңа келісім жасасу үшін кабинетіне шақырды.

Малиновская Оразбаевқа басқа шарттармен жаңа келісім жасасудың мүмкін еместігі туралы айтқан. Малиновскаяны тыңдай келе Оразбаев "Р." ЖШС өкілдерінен ақша түріндегі пара алу мақсатында практикалық тәжірибеден өтіп жатқан студенттер санының көбейгенін біліп, мекеменің клиникалық базасында академия студенттерінің тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік бергені үшін одан 100 мың теңге көлемінде параны беріп жіберудің қажет екенін айтқан. Малиновская пара алу бойынша делдалдық жасауға келіскен. 2023 жылы 25 сәуірде Малиновская параны Оразбаевқа аударған.

Сот үкімімен Оразбаев Мұрат Бекайдарұлы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 46,6 еселенген сома көлемінде, яғни, 36 млн теңгеден астам сомада айыппұл және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот оны сот залында босатып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберу туралы шешім шығарды. Малиновская Лариса Николаевна Қылмыстық кодекстің 368-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша параның 20 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 2 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сотталғандарға сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде айыппұл төлеуге үкім шығарылды.

Сондай-ақ олар зардап шеккендерге өтемақы төлеуге және сот шығындарын төлеуге міндеттелді. Еске сала кетсек, 2023 жылы желтоқсанда жедел жәрдем қызметі директорын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің астаналық департаменті қызметкерлері ұстағаны белгілі болды. Келесі күні Астанада жедел жәрдем станциясының директоры қамауға алынды деген ақпарат пайда болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!