Депутат табиғи апатқа кінәлі басшыларды жауапқа тартуды ұсынды

Депутат табиғи апатқа кінәлі басшыларды жауапқа тартуды ұсынды
Фото: Massaget.kz / Nurzhan Rysbekov

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан биылғы тасқынға кінәлі әкімдерді жауапқа тартуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.

"Биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы болған оныншы ірі тасқын. Алайда, осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Мұнда мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын", - деді Абзал Құспан.

Ол сөзіне дәлелдер келтірді.

"Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады", - деді депутат.

Абзал Құспан 2 өңірде тексеріс жүргізу керектігін атап өтті.

"Құрметті Берік Ноғайұлы, өзіңіз жақсы білесіз Қылмыстық кодекстің үшінші бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғымдар бар. Биылғы су тасқынында мемлекетте, азаматтарда аса ірі көлемде шығынға ұрынды, адамдарымыздан айырылдық.

Президенттің су тасқынына байланысты сізге нақты тапсырма берді. Сондықтан бір топ депутат болып, екі өңірді: БҚО және Атырау обгейінде, кешенді түрде тексеріс ұйымдастыру қажет деп есептеймін", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Есен