Алматы әуежайында есірткі тұтынған ұшқышқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы әуежайында есірткі тұтынған Air Astana әуе компаниясының ұшқышына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова ІІМ өкіліне "Осыдан 1 апта бұрын ірі әуе компанияның ұшқышы ұсталды. Ол есірткі тұтынған. Жалпы әуе, теміржол, қоғамдық көлік тасымалы саласында қанша адам есірткіге тәуелді? Тізім бар ма?" деген сұрақ қойды.

Айдос Рысбаев іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.

"Есірткі тұтынып ұсталған ұшқышқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат береміз. Жалпы ұшқыштар, жүргізушілер рейске шығар алдында медициналық тексерістен өтеді", - деді министрдің орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында Air Astana ұшқышы есірткіге мас күйде ұсталғаны хабарланды.

Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі ақпаратты растады. 23 сәуірде Алматы әуежайында жолаушы ретінде ұшаққа мінген ұшқыш есірткіге мас күйде ұсталғаны хабарланды. Полицейлер соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, ал қызметкердің өзі жұмыстан шеттетілген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!