Құлыбаевқа тиесілі фирмаға 1 миллиард теңгеден аса айыппұл салынды

Тимур Құлыбаевқа тиесілі фирмаға 1 миллиард теңгеден аса айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті "Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі" ЖШС қызметіне тергеу жүргізді. Нәтижесінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу арқылы сұйытылған мұнай газы нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланудан тұратын бәсекелестікті қорғау туралы Заңнаманы бұзу анықталды.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен Серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тартты. 955 млн теңгеден астам көлемде монополиялық табыс тәркіленді және 162 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының апелляциялық сатысы Серіктестіктің шағымын қабылдамай, бірінші сатыдағы шешімді растады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, "Қазтаг" мәліметінше, "Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі" ЖШС бенефициарларының бірі - экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаев.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз