"Отбасымыздың ортақ шешімі болды" - қазақ мектебінде қазақ тілінде білім алып жүрген кәріс қызы

"Отбасымыздың ортақ шешімі болды" - қазақ мектебінде қазақ тілінде білім алып жүрген кәріс қызы
Фото: Massaget.kz

Қазақстанда түрлі ұлт пен ұлыс тұрады. Олардың арасында қазақ тілінде білім алып жүргендері де, қазақ тілін үйреніп жүргендері де бар. Соның бірі - Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің оқушысы Жанна Кан. Massaget.kz тілшісі кәріс қызымен сұхбаттасты.

Жанна Кан өзі туралы әңгімеледі.

"Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің 7-сынып оқушысымын. Ұлтым - кәріс. Қазіргі кезде қазақ тілінде білім алып жатырмын", - дейді ол.

Сонымен қатар, Жанна күнделікті қазақ тілінде сөйлейтінін де айтты.

"Ортамда тек қазақ тілінде сөйлеймін. Өйткені достарым да, сыныптастарым да бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Оның үстіне қазақ тілінде қазақ мектебінде оқығаныма өте қуаныштымын. Сыныптастарым әрқашан көмектеседі. Қазақ мектебін таңдаған себебім қазақ тілінде терең білім алғым келді. Жалпы қазақ мектебінде білім алу отбасымыздың ортақ шешімі болған. Ал үйде кәрісше, бірақ көп жағдайда қазақша және орысша сөйлесеміз", - деді 7-сынып оқушысы.

Ал Жаннаның сынып жетекшісі Нұрсұлу Дәулетбекқызы оның қазақ тілінде ойын еркін жеткізетінін айтты.

"№92 мамандандырылған лицей жаратылыстану-математика бағытын тереңдетіп оқытады. Біздің мектепте 5-сыныптан бастап оқиды. Жанна қазақ тілінде ойын еркін жеткізеді. Оқуға деген ынтасы жақсы. Ғылымға қатты қызығады. Әсіресе, есепке құмар, алгебра, геометрия және информатика пәндерінен үлгерімі өте жақсы", - дейді ол.

Жанна өзге ұлт өкілі ретінде басқа оқушылардан еш ерекшеленбейді екен.

"Басқа балалармен қарым-қатынасы да өте жақсы. Өзге ұлт ретінде ерекшеленбейді, керісінше бәрімен жақын араласады. Өзі де "сыныптастарымның маған деген қарым-қатынасы ұнайды" дейді. Сыныпта тек Жанна - өзге ұлт өкілі, корей ұлтынан. Қалған оқушылар - қазақ", - деді Нұрсұлу Арын.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы мәліметінше, Қазақстанда халық саны көп этностар қатарына орыстар, өзбектер, украиндер, ұйғырлар, немістер, татарлар, әзербайжандар, кәрістер, түріктер, дүңгендер, беларусьтер, тәжіктер, күрттер, қырғыздар шешендер, т.б. жатады. Ал жалпы халық саны - 20 033 842.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова