Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерден өтініш қабылдау аяқталды

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерден өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Шығынын даулағандар отыз күн ішінде арыздануы тиіс еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қаланың екі ауданындағы әкімдіктер де өтініш қабылдады. Астана ауданында су кірген үй саны елуге де жетпейді. Ал Алматы ауданында өтініш саны үш жарым мыңнан асқан. Арнайы комиссия бұл аудандағы 35 баспананы тұруға жарамсыз деп таныды. Алдағы уақытта апатты үй саны тағы да артуы мүмкін дейді шенеуніктер. Себебі бағалаушылар мен техникалық бақылаушылар бәрін әлі зерттеп болған жоқ. Заң бойынша тасқыннан кейін отыз күн ішінде өтініш түсуі қажет. Одан кейін комиссия хаттама толтырып, шығынды бағалайтын мамандар қарайды.

"Астана ауданы бойынша 39 тұрғын үйге өтемақы төленді. Алматы ауданы бойынша 101 үйге төленді. Алматы ауданы бойынша 35 үй деген ақпарат бар. Жарамсыз. Ол ақпарат өзгеруі мүмкін. Себебі қазір техниктер жұмыс істеп жатыр. Жұмыс аяқталған жоқ", - дейді Ақтөбе азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекзат Тұрғалиев. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!