Қайтыс болған жас бала үшін ас беріле ме?

Жас бала балиғатқа толмай қайтыс болса, сол балаға арнап ас беріле ме? Бұл сұраққа "Fatua_kz"-ке Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жас бала балиғатқа толмай қайтыс болса, оған ас беру әлбетте сауап үшін болады, құран бағыштау да сауап үшін болады. Ал енді ол баланың амал дәптері ашылмағандықтан, ол астың сауабы, бағышталған құранның сауабы балаға бармайды, бәлкім бағыштаған адамға немесе әке-шешесіне барады. Сондықтан дінімізде жас балаға жоралғы жасалынбайды. Бар болғаны - баланы жуындырып, кебіндеп, жаназа оқып жерлейді. Ал басқа амалдар - құран бағыштау, ас беру деген нәрсе бала үшін жасалынбайды екен. Қорытындылай келе, қайтыс болған жас балаға жаназа, жерлеу рәсімдерінен кейін ас беріп, құран бағышталмайды екен, өйткені ол бала бұл дүниеден амал дәптері ашылмай, періште сияқты күнәсіз пәк күйде өтеді екен. Алла Тағала амандығын берсін, мезгілсіз қазадан сақтасын және дініміз бен дәстүрімізді ұштастырып, бекем ұстауымызды нәсіп етсін", - деді маман.

Балиғат жасы ер балалар үшін шамамен 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы.

Оқи отырыңыз: Өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарыла ма?