Атырау облысындағы өрт: қаза тапқан екі баланың анасы ауруханада қайтыс болды

Атырау облысындағы өрт: қаза тапқан екі баланың анасы ауруханада қайтыс болды
Фото: pixabay.com

Қайғылы оқиға 25 сәуір күні сағат 06:00 шамасында Атырау облысы Индер ауданындағы бес қабатты үйде болған. Екінші қабаттағы пәтерден өрт шыққан. Өрт сөндірушілер жатын бөлмеден 10 және 7 жастағы екі баланы өлі тапты. Балалардың анасы мен 1994 жылы туған ер адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Олар есін жоғалтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город"-қа сілтеме жасап.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлауынша, 26 сәуір күні таңғы сағат 03:30-да балалардың анасы да жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Әйелдің терісінің 90-95 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр екенін айтқан еді.

Ал ер адам есін жиған, қазір ол Индер аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауыр.

Үш адамның өліміне себеп болған өртті қойды деген күдікті сол күні ұсталды. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан