Атырау облысына қарай көп мөлшерде су ағып бара жатыр – Бектенов

Атырау облысына қарай көп мөлшерде су ағып бара жатыр – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің батысындағы су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Атырау облысы басшылығының алдына қала мен елді мекендерді жылжып келе жатқан тасқын сулардан барынша қорғау міндетін қойды. Үкіметке Батыс Қазақстан облысындағы секілді жұмыс ұйымдастыру тапсырылды, онда су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын, жеткізілген инженерлік техникаларды ескере отырып, 14 өңірден жұмылдырылған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ауқымды шығынға жол бермей, су тасқынын еңсеруге мүмкіндік берді.

Батыс Қазақстан облысындағы жұмысқа 11 мыңнан астам адам және 2 мыңға жуық техника тартылды. Ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері салынды, 1,3 миллион құм толтырылған қапшық төселді.

Оралда 18 тұрғын үй алабын бойлай тұрғызылған бөгеттер қауіпсіздікті толық қамтамасыз етті. Қаланың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарына су жеткен жоқ. Су басқан бау-бақша серіктестіктері мен Жайық өзенінің алқабында орналасқан бірқатар үйдің тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. 

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 909 үйдің тұрғындары өз үйіне оралды, 5 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге жайылымға жіберілді.

Бүгінгі таңда облыстық жедел штаб пен су тасқыны салдарын жою жөніндегі комиссия 8 мыңға жуық өтінім жинап, мыңнан астам үйге бағалау жұмыстарын жүргізді. 1672 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

"Су тасқыны жағдайы тұрақталып келеді. Батыс Қазақстан облысында су тасқынының шарықтау шегі болып өтті. Мұнда жұмысқа тартылған барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысын атап өткен жөн. Бірлескен іс-әрекеттердің арқасында 84 елді мекенді су басуға жол берілмеді, сондай-ақ өңірдегі су тасқынының салдары барынша азайтылды. Қазір үйлерді қайтадан су басу қаупі сейілді", - деді Олжас Бектенов.

Қазіргі басты міндет — Атырау облысын су тасқынынан қорғауға дайындау. Күн сайын Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп келеді. Қауіпті белгіге дейін шамамен 100 сантиметр қалды.

"Қазір үлкен су көлемі Атырау облысына қарай ағып жатыр, алдағы күндері шарықтау шегі күтіліп отыр. Барлық күшті жұмылдырып, басқа өңірлерден қосымша күш тартқан Батыс Қазақстан облысының тәжірибесін пайдаланған жөн. Су деңгейінің сағаттық мониторингін қамтамасыз етіп, қорғаныс бөгеттерінің ұзындығы мен биіктігін ұлғайту қажет. Біз өңірді қорғап, су тасқынына жол бермеуіміз керек", - деді Үкімет басшысы.

Бүгінде Атырау облысында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 13 мыңнан астам адам және 1 200-ден астам техника жұмылдырылған. Өңірде 500 шақырымнан астам бөгет салынды, оның ішінде Атыраудағы тұрғын алаптардың бойында – 242 шақырым, 4,8 миллионнан астам қапшықтар пайдаланылды. Өзен сағасында, Каспий теңізінде тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр: 1 408 метр қазылып, 11 538 м3 топырақ алып тасталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан