Алматы маңындағы автобустар "зиратының" қазіргі жағдайы қандай?

Алматы маңындағы автобустар "зиратының" қазіргі жағдайы қандай?
Фото: instagram.com/ajupventure

Былтыр шілдеде Алматы облысының Жетіген кентінде, биыл ақпанда Қайназар кентінде есептен шыққан қоғамдық көліктердің жиналып тұрғаны белгілі болды. Желі қолданушылары бұған тіпті автобустар "зираты" деген атау берген болатын. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетіген кентіндегі қоғамдық көліктердің "зиратын" жою үшін техникалық тексеріс жүргізіліп жатқанын, ол келер жылдың көктемінде аяқталатынын айтты. Яғни қазіргі уақытта тексеріс аяқталған болуы керек. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі автобустар "зиратының" қазіргі жағдайы мен болашағы қандай болатынын білу үшін Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасына ресми сауал жолдады.

Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасының Massaget.kz тілшісіне берген ресми жауабында, бүгінде қала бойынша 178 тұрақты қалалық және қала маңындағы маршруттар ұйымдастырылғаны айтылған. Мегаполисте барлығы 2451 автобус бар. Үлгі шартқа сәйкес, жылжымалы құрамды 7 жылдан кейін жаңарту қажет, яғни әр қоғамдық көлік 7 жыл сайын жаңартылып отырады. 

Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта бұзылып тұрған бірде-бір автобус жоқ, барлық жылжымалы құрам жарамды күйде.

"Қазіргі таңда қала бойынша барлық жылжымалы құрам техникалық жарамды күйде. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда автобустар ақауды жою үшін автопаркке қайтарылады. Ал ақауы бар қоғамдық көліктің орнына, желіге резервтік автобустар шығарылады", - делінген жауапта.

Бұған дейін Жетіген кентіндегі автобустардың 300-і Алматы облысының меншігіне өткені, алайда мекеме оның 157-сін әлі де алып кетпегені белгілі болған еді. Мекеменің ресми жауабы Ерболат Досаевтың сөзін растады. Жауапқа сәйкес, бүгінде кентте осы 157 автобустан басқа қоғамдық көлік болмауы қажет.

"Алматы облысының балансына берілген автобустардан басқа, Жетіген кентінің аумағында бұрын болған барлық көлік құралдары Қайназар кентіне жеткізілді", - делінген жауапта.

Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасының өкілдері, есептен шыққан автобустармен не істелетіні туралы да ақпарат берді. 

"Автобустар Мемлекеттік тізілім порталы арқылы сатылады" , - дейді ол.

Ал мүлде жарамсыз, есептен шығарылған қоғамдық көліктерді пайдаға асыру мүмкін емес көрінеді, өйткені оларға қатысты барлық іс-әрекет ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

"Бүгінгі таңда көлік құралдарын сату немесе есептен шығару тек ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілуі мүмкін", - делінген жауапта. 

Еске салайық, бұған дейін "зираттың" фото және видеоларын Instagram-қолданушысы парақшасында бөліскен болатын. Автобустар Алматыдан шамамен 60 шақырым жердегі Жетіген ауылында жиналған.  

Фото және видеолардан автобустарда сырт көзге айтарлықтай ақау байқалмайтынын байқауға болады. Көбінің терезесі сынып, есігі ашық тұр.   

Тағы да оқи отырыңыздар: «Наурыз» ипотекасымен қандай баспана алуға болады?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә