"Бишімбаев сотына ресейліктердің ақырындап араласа бастауы жақсы емес" - сарапшы

"Болашақ" бағдарламасының түлегі, Президент баспасөз хатшысының орынбасары болған Нұрмұхамед Байғараев Бишімбаев сотына ресейліктердің ақырындап араласа бастауы жақсы емес екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жайлы Байғараев Facebook-парақшасында айтты. 

"Собчактың деректі фильм түсірем деп келуі, Грейс деген блогерді жалдап әкелуі (меніңше), біздің бір ютюбердің саясаттанушы Шульманға хабарласып, сотқа қатысты пікірін сұрауы, енді Жорин деген адвокаттың ой қосуы - ресейліктердің ішкі іске ақырындап араласуы. Бұл неге жақсы емес? Қазақстандықтардың басым бөлігі орыстілді, әлгі медиа персоналар келешекте түрлі мәселе бойынша біздің ішкі ісімізге осылай араласып, процестерге ықпал етуі бек мүмкін. Уақыт өте бұл үйреншікті іске айналуы ғажап емес. Неге? Сол баяғы тіл факторы. Орыс тілінің кеңістігі. Бізде сол Собчактың контентін, Шульманның сұхбатын көретін, оқитын адам аз емес", - дейді ол. 

Байғараев 2014 жылы Украина Қырымнан айырылғанда елінің шығысындағы тұрғындар осы тіл факторы себепті өз билігін қолдамады деуге болатынын айтады.

"Сондықтан өзгенің қайғысы бізге сабақ болғаны жөн. Жалпы, азаматтарымызда Бишімбаев ісі туралы түсінік қалыптасып бітті, ресейліктердің ой-пікірінсіз-ақ. Пивоваров та Қазақстан жайлы 3 сағаттық деректі фильмін жариялады. Жартысын көрдім. Кремльдің линиясы байқалмайды. Бейтарап түсірген секілді. Бірақ фильм басынан "как живет наш сосед" деп сөз бастауы біртүрлі екен. Бізді танымайтындай Амазония не Океания аймағындағы алыс жатқан ел емеспіз. Іргесіндегі көршіміз. Бізді "тануға келгені" қызық. Белгілі журналист біз туралы фильм түсірді деп алақайлаудың да қажеті жоқ. Ол - қызметшінің санасы.

p.s. Кезінде "Эксклюзив" деген отандық журнал ресейлік Михаил Хазин деген экономистен жиі сұхбат алып, мұқабасына суретін талай басты. Ол кісі сөйтіп бізге таныла бастады. Жақында сол Хазин "Қазақстан Ресейге қарсы әрекет ете берсе, ел ретінде тарап кетеді" деп сұхбат беріпті. Өзгенің аузына қарай берудің осындай қауіптері де бар. p.s.s өзіне сенімді, көзі ашық, комплексі, құлдық санасы жоқ ел мұндай сыртқы факторларға назар аудармайды", - дейді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатқан сот отырысына ресейлік журналист Ксения Собчак келген болатын. 

Собчак Нүкенованың ісі Қазақстандағы "ұят" түсінігін түбегейлі өзгерткеніне сенімді

Сонымен қатар, ресейлік блогер Наталья Грейс те Қазақстанға келіп, Салтанат Нүкенованың ағасы хайп қуып жүр деп айыптаған болатын. Ресейлік блогер өзін нейрохирург ретінде таныстырып, айыпталушыға қатысты жеке пікірін білдірген болатын. 

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты 24 сәуірде өткен сот отырысында сот тергеуі аяқталғаны белгілі болды. Ендігі кезек сот жарыссөзінде. Айта кетейік, Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі 29 сәуірде басталып, 30 сәуірде, сондай-ақ, 2, 3 және 4 мамырда жалғасады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз