Полиция Зағамбар ауылындағы кәмелетке толмаған қыздың зорлануына қатысты мәлімдеме жасады

Полиция департаментінің басшысы Түркістан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлау оқиғасына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция департаменті бастығының айтуынша, әлеуметтік желілерде 24 сәуірде Түркістан облысы Төлеби ауданы Зағамбар ауылында болған оқиға туралы жалған ақпарат таралуда. 24 сәуірде кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сараптама тағайындалды және қылмыстық іс сотқа жолданады.

"Сонымен қатар 25 сәуірде полицияға бөтеннің мүлкін өртеу туралы хабарламалар түсті. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Бөтеннің мүлкін өртеу фактісіне қатысқандардың барлығы анықталып, ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр", - деді ол.

Ведомство басшысының сөзінше, казіргі уақытта Зағамбар ауылында жағдай тұрақты, облыс әкімі және барлық мемлекеттік органдар басшыларының төрағалығымен ауыл тұрғындарына жиын өткізіліп тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді, заң шеңберінде шешім қабылданатыны ескертілді.

"Интернет желісінде таралған, яғни "Бірнеше оқушы ұсталды, жәбірленуші жүкті және бірқатар жігіттер зорлады" деген жалған ақпараттар шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда жалған ақпарат таратқан бірқатар авторлар анықталды, оларға қатысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қабылданып жатыр. Барша азаматтарға ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сену қажет! Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертемін", - деді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!