Су тасқыны: қанша оқушы қашықтан оқуға көшірілді?

Су тасқыны: қанша оқушы қашықтан оқуға көшірілді?
Фото: Tengrinews.kz

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова Қазақстандағы тасқын салдарынан қанша оқушы қашықтан оқуға көшірілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Су тасқыны басталғалы бері 45 мыңға жуық бала эвакуцияланды. 120 мыңнан аса оқушы қашықтан оқуға көшірілді. Бұрын эвакуциялық пунктерде болған 5 мыңға жуық бала келесі нысандарда оқуды аяқтап жатыр. Мысалы, балаларды сауықтыру орталықтарында 600-ге жуық оқушы, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда 2 мыңға жуық оқушы, республикалық маңызы бар мектеп-лицейлердің интернаттарында 600-ге жуық оқушы орналастырылды. Қосымша резерв ретінде балаларға 7 мың орын әзірленді", - деді Мереке Нұрмұханова ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, Ақтөбе, Атырау облыстарының барлық мектебінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы тасқыннан зардап шеккен аудандарда бақылау жүргізу, БЖБ, ТЖБ алынып тасталған.

Ресми өкіл 25 мамырда білім ордаларында соңғы қоңырау соғылатынын жеткізді.

"Су тасқынына байланысты және ата-аналар қауымдастығының ұсынысын ескеріп, биыл 25 мамырда оқу жылының аяқталуына орай барлық мектепте бірыңғай сынып сағаты өткізу туралы шешім қабылданды. Мұнда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылының қорытындысы шығарады. 12-15 маусым аралығында атестаттар тапсыру, «Алтын белгімен» марапаттау рәсімі өтеді", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Есен