Депутат нан бағасын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды

Депутат нан бағасын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды
Фото: pixabay.com

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын көтеруді ұсынды. Ол нан бағасы 500 теңге болуы керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі jambylinfo.kz-ке сілтеме жасап.

Депутаттың сөзінше, қазір нан тым арзан. Ал құны төмен азықтың қадірі болмайды. Сондықтан "тойханаларда тойынған жұрттан қалған ас атасы қоқыста жатады" дейді ол.

"Шынымды айтсам, нан өте арзан. Мен өзім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісімін. Менің еккен бидайым қазір 100 теңгеден де өтпей жатыр. Сол үшін нанның құны кемінде 500 теңге болуы керек. Сонда біздің ауылдың жағдайы жақсарады. Мұны халықтың қалтасы көтереді. Өйткені қазір қоқыста басқа нәрсе емес, нан жатады. Шұжық, ет өнімдері жатпайды. Өйткені ол қымбат",- деді Мейрамбек Дөненбаев.

Депутаттың өзге әріптестері бұл пікірге мүлде келіспейді. Мәслихат депутаты Бақытжан Қалымбетовтың сөзінше, дотациялық облыс үшін нанның 120 теңге болғанының өзі халықтың қалтасына салмақ салады. Ал халық қалаулысы Жұмахан Тәңкебаев ас атасының 500 теңге болуына тіпті қарсы. 

"Нан бағасын 500 теңгеге қымбаттату артық болады. Неге десеңіз, қарапайым халық үшін бұл ауырлық етеді. Екі баласы бар үй үшін оңай болуы мүмкін, бірақ 5-6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар үшін бұл қиын. Қалтасына әжептәуір ауырлық түседі", - деді Жұмахан Тәңкебаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан