Cу тасқыны: биыл шаруалар егін егіп үлгермеуі мүмкін

Сенат депутаты Арман Өтеғұлов биыл су тасқыны салдарынан шаруалар егін егіп үлгермеуі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенатор депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

"Биыл астық егетін өңірлерді су басты. Салдарынан көктемгі егіс науқанына қатысты мәселе туындады. Қазір егін егу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар, ал бау-бақша, көкөніс өсірушілердің, сяжай серіктерстіктерінің жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторларына зақым келді, жылыжайлар бұзылды, егіс алқабы су астында қалды. Сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым сақталған қоймаларды су басқан. Өкінішке қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінге дейін еліміздегі су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет берген жоқ", - деді Арман Өтеғұлов.

Оның пікірінше, билік бұл мәселеге шұғыл назар аударуы керек.

Сондай-ақ депутат Үкіметтен төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрады.

"Қазір су басқан өңірлердегі зардап шеккен егістік көлемі қанша?
Қанша егістік тасқын салдарынан айналымнан шықты? Биыл фермерлер егін егіп, үлгере ме? Үлгермеген шаруалардың шығыны өтеле ме? Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма? Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты? Оларды қалпына келтіру жұмысы қалай жүргізіледі?", - деді сенатор.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз