Рақымжан Қошқарбаев - 100 жыл: Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ

Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен жалғыз қазақ. Тарихи ерлігін небәрі 21 жасында жасаған батырдың дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген.

13 жасында балалар үйіне түседі

Рақымжан Қошқарбаевтың 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң ол Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберіледі.

Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға атсалысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.

Майдандағы өмір

1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады. Осы судан ары кеңес әскерін өткізбей, немістер тоқтаусыз оқ жаудырып тұрған. Атылған оқтың астымен жорғалаған Қошқарбаев взводы немістердің тұрағының үстінен түсіп, бетпе-бет соғысады. 40 немісті қырып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. Қызыл әскер ары қарай жылжиды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болады. Тағы да жауға Рақымжан Қошқарбаевтың взводы тойтарыс береді.

Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегін, 27 үлкен калибрлі пулеметті, одан бөлек көптеген мылтық, оқ-дәрілерді тәркілейді. Осы үшін Рақымжан Қошқарбаевтың взводына "Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы" ордені табыс етіледі.

Соғыстың соңына қарай лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Осы кезде шапшаң әрі көзсіз батыр қазақ жігітінің есімі майдан шебінде аңыздай тарайды.

Рейхстагқа ту тіккен аңыз тұлға

Рахымжан Қошқарбаев 1945 жылдың сәуір айында Берлин түбіндегі соғыстың ең сұрапыл шайқасына қатысады. Батальон командирі Рейхстагқа ту тігуге аттанатын алғашқы топты басқаруды Қошқарбаевқа жүктейді. Бұл өліммен тең тапсырма еді.

Қарша борап тұрған оқ пен оттың ортасынан еңбектеп өткен екеу 300 метр жерде тұрған Рейхстагқа 7 сағат бойы жүріп барады. Ғимараттың қабырғасына Қызыл жалауды тігеді. Екеудің ерлігін сол күннің ертеңіне-ақ майдан газеттері жарыса жазып жатты. Бірақ пендешілікпен әділдіктен аттап кеткендер де болды. Сол кездегі солақай саясатқа байланысты "Жеңіс туын" тігу мәртебесі тек орыс және грузин ұлтына тиесілі болу керек еді. Сондықтан соғыстың қанды қырғыны бәсеңдеген сәтте Егоров пен Кантария Жеңіс туын ресми түрде Рейхстагтың төбесіне апарып қадады делінген.

Батыр өмірінің соңы

Соғыстан кейінгі жылдары Рақымжан Қошқарбаев Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-67 жылдары Қошқарбаев Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан  бастап "Алматы" қонақ үйінің директоры болып жұмыс істеді.

Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рақымжан Қошқарбаевқа "Халық Қаһарманы" атағы беріледі.

Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

Рейхстагты алуда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Рақымжан Қошқарбаевқа Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш орнатылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!